Республика қаһармандары: 90-нан астам ауылды спорт жабдықтарымен қамтамасыз еткен палуан

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Күштік экстримнен әлемдік рекордшы Сергей Цырульников көптеген рекордтарымен және күштік нөмірлерімен ғана емес, сонымен қатар отаншылдығымен де танымал. Сергей ауылдарды спорттық құрал-жабдықтармен қамту мәселесін көтеріп, жастарды спортқа баулитын жобаларды іске асырумен қатар бұқараға күш мәдениетін насихаттап жүр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

- Сергей, қазіргі жобаларыңыз жайлы айтып берсеңіз. Күш мәдениетін көпшілікке танытуды жалғастыра бересіз бе?

- Көптеген жобалар бар: бұл - «100 аул», «Batyrs battle», «UPF». Спорттық батлдарды да өткізуді қолға алдық. Кино түсіру, семинарлар жұмыс және изометриялық гимнастика жаттығуларына арналған қосымшамен жұмыс істеп жатырмын. Батыс нарығына шығу ниетімізде бар. Күш мәдениетіне келетін болсақ, негізінен ауыл жастарына семинарлар өткіземін. Сондай-ақ миллиондаған адамды қамтитын әлеуметтік желілер арқылы да жұмыс істеймін.


- Ауылдарда қарапайым спорт жабдықтарының жоқтығын бірнеше рет көтердіңіз. Бұл мәселені шешуге бола ма?

- «100 ауыл» бағдарламам аясында ауылдарды аралап, 94 мектепті спорттық құрал-жабдықтармен қамтамасыз еттім. Бұл өте аз, ауыл мектептерінің 90 пайызы тіпті, 50 пайызға дейін спорттық жабдықтармен жабдықталмаған. Біз болған әрбір мектепте, тіпті мемлекет тарапынан берілген спорттық құрал-жабдықтардың сапасы сын көтермейді. Ауылдарда қарапайым спорт жабдықтарына қатысты проблема жеткілікті. Ал кейбірінде спорт залдары жөндеуді қажет етеді және нормаларға сәйкес келмейді деп сенімді түрде айта аламын. Бұл мәселені мен шеше алмаймын.... Бұл депутаттар мен жергілікті органдар шешуі керек мәселе. Оның орнына олар салық төлеушілердің ақшасын легионерлер мен кәсіби клубтарға жұмсайды. Ал олардың иек астында балалар биліктің көңіл аударуына, қарапайым құрал-жабдыққа мұқтаж.

- Сіз әртүрлі күштік нөмірлерден әлем рекордшысыз. Жақын болашақта отандастарыңызды қалай таңғалдыруды жоспарлап отырсыз?

- Таңғалдыру мақсатымда жоқ. Қазір әлеуметтік жобалармен және ауылдарға көмек көрсетумен айналысып жүрмін. Жақында АҚШ-та болып, шетелдік жұртшылықты таңғалдырдым және еліміздің күш мәдениеті туралы айтып бердім.


- Әлеуметтік желіде құрал-сайман сататын дүкендерге кіріп, балға және өзге де заттарды майыстырған видеоларыңызды жиі жариялайсыз. Сатушыға не дүкен әкімшілігіне іс-әрекетіңізді алдын ала ескертесіз бе?

- Әрине, видеодағы іс-әрекетімнің барлығы сатушымен алдын ала келісілген. Мұның үстіне бұл дүкенге өте жақсы жарнамада да. Мәселен, супермаркетте табаны майыстырған видео 12 миллионнан астам қаралым жинады. Ал бұл дегеніңіз супермаркетке өте күшті жарнама ғой. Не болмаса газдалған сусын банкісін ашқан видеоны әлеуметтік желінің 70 миллионнан астам қолданушысы көрді. Олардың басым көпшілігі Қазақстан туралы алғаш рет естісе, енді бірі біздің күш мәдениетімізді зерделей бастады. Видеолардың арқасында Қазақстанға көптеген турист келді. Мұның бәрі әлеуметтік желі мен видеолардың арқасы.


- Соңғы уақытта әлеуметтік желіде қаңылтыр банкінің жоғары бөлігін ашқан сәтіңіз таспаланған видеолар көп шықты. Саусақтарыңызды жарақаттап алмайсыз ма?

- Банкі ашуға келер болса, әрине жарақаттанасың… Саусақтарыңды кесіп кететін кез де болады. Бірақ, мұның негіздемесі бар. Біріншіден – қаржылай, екіншіден – креативті. Айталық, менің видеоларымды 150 млн аудиториясы бар әлемнің көптеген танымал блогерлері жариялады. Сондай-ақ әрекетімізді қайталауға тырысқандар да болды. Мәселен – Эди Холл (Ғаламшардағы ең күшті адам). Жалпы, видеоларымды әлемнің әртүрлі ірі әлеуметтік желілерінде 700 миллионнан астам адам тамашалады. Бұл еліміз үшін, біздің күш мәдениетіміз үшін өте жақсы насихаттың бір түрі ғой.

- Қай рекордыңыз өте қиын болды?

- Меніңше, ең қиыны 1 200 келілік жүктемесі бар калибрленген тағаны майыстыру болған сияқты. 36 секундтың ішінде 4 тағаны майыстыра алдым. Қазіргі уақытта Қазақстанда ешкім мұндай тағаның біреуін де майыстыра алмайды. Ал әлемде бұл тағаны майыстыратын адамдар санаулы ғана. Оның үстіне олар уақытқа есептемейді.

- Халық арасында изометрияны одан әрі ілгерілетуге қатысты жоспарыңыз қандай?

- Қазір қосымшаға арналған «Арр-мен» және әлемдік нарықтарға, атап айтқанда АҚШ-қа шығу үшін жұмыс істеп жатырмын. Менің қолданбам мен бағдарламаларым Америкада сыналғанын қалаймын. Күш мәдениетін ілгерілету – бұл менің жолым және балалармен әрі қарай жұмыс істей беремін. Оларға біздің күш дәстүрлеріміз бен батырларымыз туралы айтып, түсіндіруімді жалғастырамын.

- Сұхбатыңызға рақмет!


Соңғы жаңалықтар