Республика қаһармандары: 8 адамды өрттен құтқарған әскери қызметші

None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Адамды ажалдан арашалап қалғандардың өзі көбінесе сол сәттерде жеке басын да қатерге тіккенін аңдамай жатады. Көзсіз ерлік деген осы шығар. Ондай жандардың әрекеті әркімнің қолынан келе бермейтіні тағы бар. Республика күні қарсаңында еліміздің қарапайым қаһармандары туралы жарияланып жатқан мақалалар сериясының мақсаты - бейбіт заманның батырларын жұртшылыққа таныта түсу. Жалындап жатқан тілсіз жаудан 8 адамды арашалап, ел айта жүретін ерлік жасаған Доскен Есжанов та осы қаһармандар қатарында тұруға әбден лайық.

Солтүстік Қазақстан облысының тұрғыны, Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы академиясының әскери қызметшісі Доскен Есжанов «Құқық тәртібін қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін» медалімен марапатталған өңірдегі санаулы азаматтардың бірі. Ол Петропавлдағы көпқабатты үйде пәтердің бірінен шыққан өртті мамандар келгенше сөндіріп, 8 адамды эвакуациялады. Осылайша адамдарды құтқарып, жалынның таралуына жол бермеді.

Петропавл тұрғыны Доскен Есжанов өзін ерлік жасадым деп есептеген емес. Оның пікірінше, дұрыс тәрбие алған әрбір адам басқаның өмірі мен денсаулығына қауіп төнген жағдайда бірден көмекке ұмтылады. Ал мұндай жағдайда шапшаң шешім қабылдап, өз өміріне деген қорқынышы бір сәтке ұмыт болады. Әлгі төтенше оқиға болған сәтте де оның жағдайды саралап жатуға мұршасы болмай, бірден іске кіріскен. Оқыс оқиға 2022 жылдың 24 мамыр күні сағат 13.00 шамасында болған еді.

«Ешқандай ерекшелігі жоқ, әдеттегідей күн болатын. Күндегіше жұмысқа баруға жиналып жатқанмын. Бір кезде сырттан түтіннің иісі сезілді. Подъезге шықсам, көк түтін, ештеңе көрінбейді де. Өрттің қайдан шығып жатқанын бірден аңғару мүмкін болмады. Сондықтан жоғары қабатқа қарай жүгірдім. Жетінші мен сегізінші қабаттың арасындағы терезенің лапылдап жанып жатқанын көріп, өрт сөндірушілерді шақыру үшін пәтерге, телефонға ұмтылдым. Сосын қайта көтеріліп, қолға іліккен шелекпен өртті сөндіруге кірістім. Маған көмектескен Бақыт апайым мен көрші Көгершін апайға рахмет. Олар жіті қимылдап, шелектерді суға толтырып тұрды. Жалынды ауыздықтағаннан кейін басқа көршілерге хабар беріп, оларды иіс тиіп, уланбауы үшін, түтінге оранған подъезден шығара бастадым», - дейді Доскен Есжанов.

Өрт сөндірушілер келгенге дейін ол тұрмай, 8 адамды, соның ішінде екі баланы қауіпсіз жерге шығарып үлгерген екен. Осының арқасында өрттен ешкім зардап шеккен жоқ, жұрттың дүние-мүлкі де аман қалды.

Доскен Есжанов қазір Петропавлдағы ҚР Ұлттық ұлан академиясының техника және қару жарақ бойынша оқу процесін қамтамасыз ету батальоны командирінің орынбасары. Әскери қызметке 13 жыл бұрын келісім-шарт бойынша көлік жүргізу инструкторы болып келген екен.

«Әскери қызмет адамды шынықтырады, тәрбиелейді. Әрі болашаққа сенім береді. Тұрақты еңбекақы, әлеуметтік көмек және қызмет бабында көтерілуге мүмкіндік бар. Менің жұмысым оқу үдерісіне қажет көлікпен қамтамасыз ету және курсанттарды, оқытушыларды, әскери қызметшілерді сабақтар өтетін және қызметтік-жауынгерлік міндеттерді орындайтын жерге тасымалдауды ұйымдастыру. Сондай-ақ міндеттеріме техникалық қамтамасыз етуді ұйымдастыру және басқару, жеке құрамның техникалық дайындығын басқару, әскери техниканы дұрыс пайдалануды, қызмет көрсетуді және жөндеуді жоспарлау және ұйымдастыру кіреді. Әр жұмыстың өз қиындығы бар, бірақ егер сіз өз жұмысыңызды дұрыс жоспарласаңыз және ұйымдастырсаңыз, қажетті нәтижеге қол жеткізесіз», - дейді әскери қызметші.

Доскен Ақжар ауданы Ленинградское елді мекенінде туған. Ата-анасының әскери қызметке қатысы жоқ, екеуі де құрылысшы-инженер мамандығын алған.

«Отбасын құрғанмын, екі қызым өсіп келеді. Ұлдарым өмірге келсе олардың менің жолымды қуғанын қалар едім. Өйткені Ұлттық ұлан және ішкі істер органдары қызметкерлерінің арқасында ел тұрғындары кез-келген уақытта еш қорқынышсыз көшеде жүре алады. Тәртіп сақшыларының күнделікті қызметі нәтижесінде ұрлық, тонау сап тыйылды. Өйткені біздің міндетіміз әр адамның қауіпсіздігін қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтардан сақтау.

Өткен оқиға жайында, әрине ойламын. Бірақ өзімді батыр есептеген емеспін. Менің түсінігімде бұл ерлікке жатпайды, әр ер адам, әр азамат қауіп төнгенде көмекке ұмтылуы қажет деп ойлаймын. Ия, өрт шыққанын өрт сөндірушілерге хабарлап, басымды қатерге тікпей, әліптің артын бағуыма болар еді. Бірақ ол кезде бұл менің ойыма да келмеді. Өрт – тілсіз жау, бірден лап етіп, үйдегі балалар құрсауда қалар еді», - дейді Петропавл тұрғыны.

Доскен Есжановтың ерлігі ескерусіз қалмады. Ол ҚР Ішкі істер министрінің бұйрығымен «Құқық тәртібін қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін» медалімен марапатталды.



Соңғы жаңалықтар