Республика қаһармандары: 48 адамды ажалдан құтқарған Ержан Әмірханов сын сағатты еске алды

None
СЕМЕЙ. ҚазАқпарат – Семейден Новосібірге бағыт алған автобусты түн жарымында қапияда қызыл жалын шарпығанда жолаушылар түгел дерлік терең ұйқыда жатқан.

Сол кезде тілсіз жауды көрген Ержан Әмірханов дабыл қағып, адамдарды оята бастайды. Жауырыны қақпақтай, жұдырығы тоқпақтай, алып денелі азамат автобустың есігін теуіп ашып, жолаушыларды далаға шығарады. Осылайша, еңбектеген бала мен еңкейген қарияға дейін, барлығы 48 адам ажалдан аман қалды. Бұл оқиға 2018 жылдың тамыз айында болды. Ал дәл осы жылдың қаңтарында Ақтөбе облысында автобус өртеніп, 52 адам көз жұмған еді. Міне, сондықтан қаралы оқиғаның қайталануына жол бермеген Ержан Әмірхановты ҚазАқпараттың «Республика қаһармандары» атты жаңа жобасына лайық деп таптық.

«Жұдырық жұмсауға тура келді»

Осыдан төрт жыл бұрын тамыз айының 4-і күні сағат 19.50-де Ержан Әмірханов көлік сатып алу мақсатында «Семей – Новосібір» бағытында автобуспен жолға шығады. Түнгі сағат 3.20-да қоғамдық көлік Алейск қаласына таяған. Барлық жолаушы түгел дерлік ұйқыда жатты. Кенет автобустан өрт шығып, лезде жан-жаққа лаулай бастайды. Мұны байқап қалған жалғыз адам болды. Ол – семейлік Ержан.

«Алаңсыз ұйықтап жатқанымда орындығымның асты жып-жылы болып кетті. Көзімді ашсам астымда от жанып жатыр. Бірден жүргізушіге жүгіріп барып автобуста өрт шыққанын хабарлап, көлікті тоқтатуын сұрадым. Бірақ ол менің сөзіме сенбей қойды. Ал екінші жүргізуші болса – терең ұйқыда. Көп кідірмеуге болмайтындықтан жүргізушіге жұдырық жұмсауға тура келді. Осыдан кейін ғана ол автобусты тоқтатты. Ал қайтадан орныма келсем, қызыл жалын біршама жерді шарпып үлгерген. «Жанып жатырмыз» деп айқайласам да адамдар сезбейді. Сөйтсем автобустың артқы бөлігінде отырғандардың көбі көк түтінге уланып үлгерген екен. Ал кейбірі не болғанын түсінбей, қарап отыр. Тіпті жүргізуші автобустың есігін де ашпады. Содан кейін екі есікті тепкілеп, итеріп жартылай аштым. Алдымен балаларды далаға шығардым. Көтеріп алып, бірінен кейін бірін лақтыра бердім. Өйткені өрт күшейіп барады. Ал жүргізуші өрт сөндіру құралымен тілсіз жауды сөндіріп жатты. Бірақ қызыл жалын дес берер емес», – деп еске алды ол.

Жолаушылардың арасында 3 айлық сәбиден егде тартқан зейнеткерге дейін бар. Барлығы – 48 адам. Оның 12-сі – бала. Ержанның айтуынша, автобус небәрі 4 минуттың ішінде өртке оранған. Ал ол жолаушыларды 1 минут 45 секундта құтқарып үлгерген. Қарап тұрсаңыз қас-қағым сәт. Бірақ осы бір ғана-ақ сәттің ішінде қанша адамның тағдыры жатыр…

«Ресейге барғанда көлік сатып аламын деп 1 400 000 теңге алып шыққан едім. Бірақ адамдарды сыртқа шығарамын деп жанталасып жүргенімде құжаттарым мен ақшам жанып кетті. Оқиға орнына шамамен 10 минут ішінде өрт сөндірушілер жетіп, қызыл жалынды ауыздықтады. Барлық жолаушы басқа автобусқа отырғызылып, Барнаул қаласына жеткізілді», - дейді Ержан Әмірханов.

Автобус Семейдегі «Сұлу» автобекетінен шыққан екен. Кейін Ержан автобекеттің басшылығына хабарласып, адамдардың өміріне немқұрайлы қарауға болмайтынын айтқан. Бірақ автобекеттегілер автобустың Ресей еліне тиесілі екенін, барлық арыз-шағымды соларға айту керек екенін жеткізіпті.

Осыдан кейін Ержан Әмірхановтің ерлігі жайлы отандық және ресейлік БАҚ өкілдері жарыса жазды. Тіпті көрші елдегі танымал тележурналист Андрей Малахов оны өз бағдарламасына шақырған. Бірақ қарапайым мінезді азамат бұл ұсыныстан бас тартты.

Бүгінде ол жұбайымен бірге 4 бала тәрбиелеп отыр. Үлкені – 18, кішкентайы – 8 жаста. Грек-рим күресінен жаттықтырушы ретінде шәкірт тәрбиелеп, жарыстарға апарып жүр.

Батырға баспана берілді

2018 жылдың тамыз айының ортасына таяу Семей қаласының әкімі Ермак Сәлімов Ержан Әмірхановпен кездескен. Бейбіт күннің батырына ризашылығын білдірген әкім, өз басын қатерге тігіп, ерлік жасағанына таңдай қақты. Кездесу барысында жергілікті кәсіпкер, «Гордорстрой» ЖШС директоры Бауыржан Қайрамбаев Ержанға 1 миллион теңге табыстады.

2019 жылдың жазында оның телефонына хабарласып, Алматыға ұшып келуін өтінген Lancaster Group Kaxakhstan компаниясының акционерлері Берік Қаниев пен Юрий Пак күтпеген тосынсый жасады.

«4 шілде күні Алматыға жеттім. Мені арнайы көлік тосып алды. Жеке кабинеттерінде қабылдаған Берік Қаниев пен Юрий Пак автобусты қызыл жалын шарпығанда қандай әсерде болғанымды сұрап, айтқанымды ыждаһаттылықпен тыңдады. Бір уақытта сол компания өкілі Алуа есімді қыз кіріп келіп, қолыма бірнеше құжаттарды ұсынды да «қалаған пәтерді таңдап алаңыз» деді. Өз құлағыма өзім сенбей, «қалжыңдап тұрған жоқсыз ба?» деп сұрадым. Сол кезде Берік пен Юрий «біз бұндай нәрселермен қалжыңдамаймыз. 50-ге жуық адамның жанын ғана емес, олардың мыңдаған туған-туысының көз жасын сақтап қалған ерлігіңіз үшін сізге деген сыйлығымыз» деді. Қалай қуанғанымды сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Жаны жайсаң, жомарт жандарға мың да бір алғыс!», – дейді Ержан Әмірханов.

Сөйтіп, өзі таңдаған Семей қаласындағы 4 бөлмелі пәтер оның атына аударылған. Одан бөлек кәсіпкерлер батырдың жанұясына бағалы сыйлықтарды, палуан шәкірттеріне спорттық құрал-жабдықтарды тарту еткен. Ал осыған дейін Ержан пәтер жалдап тұруға мәжбүр болған еді. Сондай-ақ ол сол жылы «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы атанған.

Балалар суға кетпесін деп...

2022 жылдың жазында Ержан Әмірханов өз ақшасына Семейде жағажай салды. Қалада бұған дейін жабдықталған бір де бір жағажай жоқ-тұғын.

«Былтыр Семейде жеткіншектің Ертіс өзеніне батып кеткенін естігеннен кейін оқиғаның себеп-салдарына үңіле түстім. Өкінішке қарай, адамдар, оның ішінде балалар шомылуға рұқсат етілмеген жағажайларға барып, суға батып жатады. Ресми түрде суға түсуге болатын жағажайдың жоқтығы салдарынан халық сондай жерлерге баруға мәжбүр десек өтірік айтқандық емес. Жағажай салуға оқталуымның себебі осында», - дейді ол.

Осылайша, Ержан былтырдан бастап жұмысқа кіріскен. ҚР Төтенше жағдайлар министрінің атына хат жолдаған. Көп ұзамай аталған министрлік өкілдері хабарласып, көмектесуге әзір екендіктерін жеткізеді.

«Олар қажетті техникалармен қамтамасыз етті. Жанар-жағар май мен басқа да шығындарды өзім көтердім. Шынын айтқанда, бұл қарапайым жаттықтырушы үшін аз ақша емес. Көлігімді сатып, несие де алдым. Жағажайдың жалпы аумағы – 2 гектар. Жаңа нысанда құтқарушылар мен медицина қызметкерлері кезекшілік атқарады. Халық жағажайға еш ақысыз келіп, суға түседі. Биыл жазда осында күніне 500-1000 шамасында адам келетін. Алда істейтін жұмыс көп. Жоспар бойынша мұнда волейбол, футбол алаңдары болады. Жыл сайын осында турнир өткізіп тұрамыз. Жағалауды бекіту жұмыстарын жүргізу керек. Семей қаласы әкімдігі техникамен және жанар-жағармаймен көмектесіп жіберсе деген тілегім бар», - дейді Ержан Әмірханов.


Соңғы жаңалықтар