Республика бойынша «Жолда қабылдау» акциясына 8 мыңа жуық азамат қатысты

None
None
АСТАНА. Маусымның 14-і. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Бүгін «Нұр Отан» ХДП Орталық аппаратында ҚР Ішкі істер министрлігінің Жол полициясы комитетінің бөлім бастығы, подполковник Мұратбек Әйтімбетовтің қатысуымен «Жолда қабылдау» акциясының қорытындысына арналған баспасөз мәслихаты өтті.

Оның атап өтуінше, Мамырдың 19-ында Жол полициясы комитетінің төрағасы Қайрат Тыныбеков, «Нұр Отан» ХДП Орталық аппаратының Қоғамдық қабылдау бөлмесінің меңгерушісі Жұмажан Жүкенов және ішкі істер органдарының ардагерлері, сондай-ақ қоғамдық ұйымдардың өкілдері мемлекетіміздің саясатын, ҚР Президентінің ағымдағы жылғы «Жаңа онжылдық - жаңа экономикалық өрлеу - Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына Жолдауын түсіндіру, сондай-ақ азаматтарға құқықтық, консультациялық көмек көрсету мақсатында Ақмола облысының Есіл ауданына және Қостанай облысының Әулиекөл ауданына шығып, халықпен кездесулер өткізген. Жергілікті халықпен кездесу барысында Есіл ауданында 239, Әулиекөл ауданында 339 адам қатысқан.

Халықпен кездесу екі сипатта жүргізілді. Олар өзекті мәселелерді жалпы жиналыста талқылау және азаматтарды жеке қабылдау ретінде өрбіді. Екі елді мекендегі кездесулерде аталған топтың құрамындағы азаматтар халық алдында сөз сөйлеп, олардың 40-қа жуық сауалдарына жауап берді», дейді М.Әйтімбетов. Жеке қабылдау шарасы барысында 25-тен астам тұрғынның өтініші тыңдалып, барлығы қанағаттандырылған. Сондай-ақ кездесулер азаматтар өздерін толғандырып жүрген мәселелерді ортаға салып, өз ойларын айтқан. Жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету, автожолдардың жай-күйі, оны жарықтандыру және жол полициясына қатысты мәселелер көтерілген. Азаматтардың барлық сұрақтары хаттамаланып, олардың әрқайсысы бойынша сәйкес шешімдер қабылданған.

Сонымен қатар акция шеңберінде жол полициясы қызметіне қатысты мәселелер бойынша 440 азаматтан сауалнама алынғандығын атап өткен Жол полициясы комитеті өкілінің пайымдауынша, халық жол полициясы қызметі туралы жақсы пікір білдірген.

Жалпы бұл акция республиканың бүкіл өңірін қамтыды. Оған 8 мыңға жуық адам қатысып, олардан 1420 өтініш түссе, оның 1229-ы қанағаттандырылған. Жеке қабылдауда 796 азамат болса, 777-нің өтініші қанағаттандырылды.

Республика бойынша жол полицясы қызметкерлеріне қатысты 5 мыңнан астам азамат арасында сауалнама жүргізілген. Сауалнаманың нәтижесі бойынша халықтың басым бөлігі жолдағы құқықтық тәртіптің жақсарғанын атап өткен. Сауалнамаға қатысушылардың 88 пайыздан астамы жол полициясы қызметкерлерінің кішіпейілдігін атаған. «Сондай жол полициясы қызметкерлерінің жақсы қасиеті қатарында олардың кішіпейілдігі, кәсібилігі, жеделдігі және адамгершілігі атап өтілді», деді ол өз сөзінде.

Соңғы жаңалықтар