Республика бойынша ең көп әйел Алматыда тұрады – Ұлттық статистика бюросы

None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Халықаралық әйелдер күні қарсаңында ҚР Ұлттық статистика бюросы Қазақстан әйелдері туралы статистиканы жария етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Статбюроның мәліметінше, биылғы 1 ақпандағы мәлімет бойынша елімізде 10 118 282 әйел тұрады. Оның ішінде 6,3 млн қалада, 3,7 млн ауылда тұрады. Өңірлер бөлінісінде әйелдердің саны бойынша Алматы қаласы (1 157 823), Түркістан (1 040 069) және Алматы облыстары (753 562) көш бастап тұр.

Қазақстандық қыз-келіншектердің орташа жасы 33,7-ті құрайды. Бұл көрсеткіш 2022 жылдың басымен салыстырғанда 2,6 жылға ұлғайған. Әйелдердің өмір сүру ұзақтығы карантин болған 2020-2021 жылдардан кейін қайтадан өсіп, 78,3 жасты құрады.

Еңбек нарығында 4 302,6 мың әйел жұмыспен қамтылған. Олардың басым көпшілігі білім беру саласында еңбектенеді – 851 мың, 828 мыңы көтерме немесе бөлшек саудамен айналысады, 451 мыңы ауыл, орман және балық шаруашылығы саласында. 401 мың әйел денсаулық сақтау және халыққа әлеуметтік қызмет көрсету саласында, тағы 328 мыңы өнеркәсіп секторында жұмыс істейді. Тек 74 мың әйел өнер, ойын-сауық және демалыс саласында жұмыс істейді.

Айта кетейік, 849 мың әйел - жеке кәсіпкерлік субъектілерінің басшысы, бұл тіркелген ЖК-нің жалпы санының 53,5% құрайды»,- деп хабарлады Ұлттық статбюрода.


Соңғы жаңалықтар