Ресми қаржы секторы криптовалюталарды пайдаланбауы тиіс - Олег Смоляков

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ресми қаржылық сектор криптовалюталарды пайдаланбауы тиіс. Бұл туралы Сенаттың Қаржы және бюджет комитетінің кеңейтілген отырысында ҚР Ұлттық банкі төрағасының орынбасары Олег Смоляков мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Айта кетейік,отырыс барысында «Валюталық реттеу және валюталық бақылау туралы» заң жобасы талқыланды.

«Өздеріңіз білесіздер, қазіргі кезде Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жұмыс тобы құрылды. Олар ведомствоаралық сипатқа ие. Қаралатын мәселелер ауқымды. Себебі кей кезде бізде «криптовалюта» және «криптотехнологиялар» түсініктерінде жаңылысу жағдайлары кездеседі. Яғни мұндай технологиялар қызығушылық тудырады. Бүгінде криптотехнологиялар кеңінен тарап келеді. Криптовалюта мәселесі шын мәнінде күрделі.

Ұлттық банктің ұстанымына тоқталсақ, біздіңше, ресми қаржы секторы осы валюталармен операциялардан тыс болуы тиіс. Осы орайда бұл валюталарды банктер пайдаланбауы қажет. Нарықта жұмыс істеп тұрған түрлі қаржылық тетіктердің криптовалютаға байлануына жол берілмеуі керек. Өйткені криптовалюта өте құбылмалы және міндеттемелерді кімдер қамтамасыз етіп тұрғандығы түсініксіз. Сондықтан да біз осы ұстанымдамыз», - деді О. Смоляков депутаттар сауалына жауап бере отырып.

Оның сөзіне қарағанда, ортақ тәжірибе әлі де пысықталмағандықтан, осы мәселені тағы да талқылау қажет. Мүмкін қандай да бір алаңдарда белгіленген шешімдер енгізілуі ықтимал. Мысалы «Астана» халықаралық қаржы орталығы криптовалюталармен жұмыс істеу мүмкіндігін қарастырып отыр.

Заң жобасының негізгі мақсаты - ел экономикасының қазіргі даму кезеңіне, еліміздің әлемдік жүйеге кіруіне және ДСҰ-ға енуге байланысты валюталық заңнаманы жоспарлы түрде өзгерту болып табылады.

Талқылаудан кейін комитет мүшелері заң жобасын палатаның жалпы отырысына енгізу шешімін қабылдады.

 

Соңғы жаңалықтар