Ресейліктердің Қазақстанға келуі отандық еңбек нарығына қалай әсер етеді

None
None
НҰР-CҰЛТАН. ҚазАқпарат - Биылғы ақпан, наурыз, сәуір айларында Қазақстанға 128 мыңнан астам Ресей азаматы және 3 мыңнан астам Украина азаматы келген. Егер өткен жылмен салыстырсақ, көрші мемлекеттен келгендер саны биыл екі есеге артқанын байқаймыз. Бұл жағдай әсіресе әлеуметтік желіде көп талқылана бастады. Шеттен келген мигранттардың көбеюі еңбек нарығына қалай әсер етеді? Өз азаматтарымыз жұмыссыз қалмай ма? Осы сұрақтар қоғамды алаңдата бастады. Осыған орай аталған тақырыпта материал дайындауды жөн санадық.

Жалпы Ресейден келгендер қандай салада қызмет етеді? Экономикамызға, еңбек нарығына және халықтың тұрмыс-тіршілігіне қалай әсер етеді? Осы секілді сауалдарға жауап алу үшін экономист, әлеуметтанушы мамандармен тілдестік. Толығырақ ҚазАқпарат тілшісінің материалында.

Ресейлік мигранттардың көбеюі экономикаға қалай әсер етеді?

Статистикалық деректерге көз жүгіртсек, соңғы үш айда (ақпан, наурыз, сәуір) елімізге 128 мыңнан астам ресейлік пен 3074 украин азаматы келген. 2021 жылдың осы кезеңінде 58 мыңнан астам Ресей азаматы келгенін ескерсек, биыл олардың саны екі есеге артқанын көреміз. Ал, Украинадан келгендер саны 2021 жылы 2617-ні құраған. Олардың саны биыл 15%-ға өскен. Мамандардың айтуынша, көрші мемлекеттердегі геосаяси жағдайдың, санкцияның салдарынан кәсіпорындар, орта және шағын бизнес, сондай-ақ өндіріс орындарының жұмысы тоқтағаны ел азматтарының кәсіпсіз, жұмыссыз қалуына әкеліп соқты. Биыл Қазақстанға келген ресейліктер санының көбеюі осымен байланысты. Сарапшылар бұл тенденцияның Қазақстан экономикасына оң әсер ететінін айтып отыр. Экономика ғылымдарының кандидаты, экономист маман Марат Қайырленов мұны былай деп түсіндіреді:

«Өткен жылмен салыстырғанда 60 мыңнан астам адамның көп келуі ел экономикасының дамуына жағымды әсер етеді. Өйткені бізге қоныс аударып жатқандар – әлеуметтік жағынан белсенді, жағдайы жақсы, Ресейде белгілі бір кәсіппен айналысқан азаматтар. Біз жалпы отандық туризмді дамыту, елге инвестиция тарту, шағын және орта бизнесті жетілдіру жайлы көп айтамыз ғой. Осы тұстан алып қарасақ, бұл бизнесті дамытуға, инвестиция тартуға, отандық кәсіпкерлікті өркендетуге жақсы мүмкіндік деген ойдамын», - деді ол.

Оған қоса әлеуметтанушы маман Эльмира Отар да осы ойды толықтырып отыр. Оның айтуынша, ресейлік кәсіпкерлер өз елінде жабылып қалған зауыт-фабрикаларын Қазақстанда ашуға мүдделі болып отыр.

«Бұл экономикаға, халық тұрмысының жақсаруына оң әсер ететіні сөзсіз. Жалпы Ресейге салынған санкциялар салдарынан ол жақтағы шағын, орта және ірі бизнес, кәсіпорындар мен өндіріс орындары зардап шегіп жатқаны белгілі. Осылайша ресейлік кәсіпкерлер шығынға ұшырап жатыр. Менің білуімше, біздің елге келгендердің басым көпшілігі – сол санкциялардан зардап шеккен, кәсібі тоқтап қалған кәсіпкерлер. Бұл біздің экономикамызға жақсы жағынан әсер етеді. Мәселен, ресейлік бір кәсіпкерді білемін, оның Ресейдегі құбыр шығаратын зауыты жұмысын тоқтатқаннан кейін Қазақстанға келіп, өндіріс орнын салғалы жатыр. Бұған дейін ол тауарын Еуропаға тасымалдаған. Міне, осындай ірі кәсіп иелері келетін болса, біздің халқымыз үшін жаңа жұмыс көзі болмақ. Бұл тұрғындардың тұрмыс-тіршілігінің жақсаруына септігін тигізеді», - деді маман.

Экономика ғылымдарының докторы Бейсенбек Зиябеков жұмыс іздеп, бала-шағасын асырау мақсатында келген мигранттарды қолдау қажет екенін тілге тиек етті. Дегенмен оның айтуынша, Ресей азаматтарының елінен жаппай кетуі жақсы үрдіс емес, одан сабақ алу керек.

«Ресейліктердің Еуразиялық экономикалық одақ шеңберіндегі келісімге байланысты бізге келуге мүмкіндігі бар. Олардың жұмыс іздеп бізге уақытша тұруға келуі не қоныс аударуы біздің жоғарыда отырған адамдар үшін сабақ болуға тиіс. Қазіргі жағдайға байланысты өз азаматтарының елінен қашуы, күнкөріс үшін басқа елден жұмыс іздеп, қоныс аударуынан сабақ алуымыз керек. Содан кейін бізден пана іздеген қарапайым халыққа көмектесуіміз қажет. Тек олардың ойы түзу, тек бейбіт жерде бала-шағасын жетілдіріп, өздері де жақсы өмір сүруге талпынса ғана қолдауымыз керек. Ал басқа ойы болса, оны үкіметте отырғандар қадағалап, бақылап отыруға тиіс», - деді сарапшы.

«Еңбек нарағында ойыншылар көбейген сайын, бәсеке болады»

Статистикалық мәліметке назар аударсақ, 2022 жылдың қаңтар-наурыз айлары аралығында 16 837 Ресей азаматы Қазақстанда уақытша тұруға рұқсат алған. ІІМ мәліметінше, Ресей Федерациясы азаматтарының негізгі бөлігі (8217) еңбек етуге келген.

Ал 24 ақпан мен 13 сәуір аралығында Қазақстанда тұрақты тұру үшін рұқсат алуға 677 өтініш қабылданған.

Экономист Бейсенбек Зиябеков жалпы өзге ел азаматтарының Қазақстанға жұмыс іздеп келуі жақсы көрсеткіш екенін айтады. Оның сөзінше, бұл – біздің елде жағдай бар, жұмысқа орналасуға, өсуге «мүмкіндік бар» деген сөз.

«Дегенмен сол адамдардың пиғылын да ескеру керек. Мәселен, 17 мыңға жуық ресейлік уақытша тұруға рұқсат алғаны белгілі. Олар қандай мамандық иелері екенін зерттеп, талдауымыз керек. Менің білуімше, олар жалданып жұмыс істеуге келіп жатқан жоқ. Ішінде өздерінің компанияларын ашып, оны осында дамытуға күш салғысы келетіндері бар. Егер олардың осындай ойы болса, бұл жақсы деп ойлаймын. Өйткені нарықта ойыншылар көбейген сайын, бәсеке болады. Біздің де отандық компаниялардың дамуына, жетілуіне мүмкіндік болар еді», - деді сарапшы.

Ал қаржы маманы Марат Қайырленов бізде жетіспей жатқан мамандар санын осы ресейлік мигранттар есебінен толтыруға болатынын айтады.

«Ресейден келген азаматтардың жұмысқа орналасуы да біздің еңбек нарығына жақсы жағынан әсер етуі керек. Себебі біздің елде кейбір мамандық иелері жетіспейді. Мәселен, өткен жылы Денсаулық сақтау министрлігі 5 мыңға жуық дәрігердің жетіспейтінін айтқан еді. Сонымен қоса техникалық мамандар, инженерлер санының аздығы да айтылып жүр. Бұл елдегі кейбір салаларды дамытуда, жетілдіруде жақсы мүмкіндік болар еді деп ойлаймын», - деп түсіндірді ол.

Дегенмен Эльмира Отар мигранттардың кім екеніне міндетті талдау жүргізілуі керек екенін баса айтып өтті. «Негізі біздегі білікті мамандар жетіспейтін салаларды шеттен келген кәсіби мамандардың есебінен толықтыруға болады. Сондықтан мигранттардың кім екенін, білім деңгейін, қай салада қызмет істейтініне талдау жасауымыз керек. Жалпы көші-қон мәселесінде бірқатар шектеу қойылуы қажет. Яғни білімді, Қазақстанның өркендеуіне үлес қоса алатын, инвестиция құюға мүмкіндігі бар мигранттардың келгені ғана тиімдірек. Сондықтан шеттен келгендерге біздің еліміз белгілі бір шектеу енгізу секілді мәселелерді де қарастыруы қажет деп ойлаймын», - деді сарапшы.

«Мигранттардың заң аясында қызмет істеуін қадағалау керек»

Сонымен қоса Қазақстанда ЖСН алған ресейліктер санының да өскенін атап өткен жөн. 2022 жылдың наурызында Ресейдің 10 995 азаматы ЖСН алды. Мәселен, 2021 жылдың наурыз айында ЖСН алғандар саны 783 адамды құраған. Салыстырмалы түрде көрсеткіш 14 еседен астамға өскенін байқаймыз.

Енді жалпы шетелдіктерге Қазақстанда ЖСН не үшін керек дегенге тоқталып көрейік. Аталған бағытта зерттеуші мамандар ЖСН банк шотын ашу, Қазақстан аумағында орналасқан көздерден кіріс алу, салық салынатын мүлікті, мысалы, автокөлікті сатып алу үшін қажет екенін айтады.

Демек Қазақстанға уақытша қоныс аударып, ЖСН алған азаматтардың бірнеше есеге артқаны, шынымен де халықтың жұмыс іздеп, кәсібін дамытуға келгеніне дәлел бола алады. Осы тұста экономист Марат Қайырленов мигранттардың еңбек нарығына қосылуының тағы бір «жағымды тұсын» айтып өтті. Оның сөзінше, аталған жағдай еңбек нарығында бәсеке тудыратын көрінеді. «Бұл отандық бизнестің дамуына септігін тигізеді. Барлығына тең құқық берілетін еңбек жағдайында бәсеке болуға тиіс. Сол кезде әр салада даму, өркендеу болады. Шеттен мамандардың келуі жаңа технологияны тереңірек меңгеруге, идея алмасуға, сонымен қоса сапаны арттыруға мүмкіндік береді. Жалпы 8-10 мың адамның біздің еңбек нарығына қосылуы үлкен мәселе емес. Егер миллиондаған адам келсе және олардың басым көпшілігі босқындар болса, онда бұл өз азаматтарымыз үшін де, экономикамыз үшін де, еңбек нарығы үшін де оңай болмас еді. Мәселен, елімізде еңбекке қабілетті азаматтар саны 10 млн-ды құрайды десек, солардың 8 млн-ы жұмыспен қамтылған болса, шеттен келген бірнеше мың адам еңбек нарығы үшін айтарлықтай проблема тудыра алмайды. Керісінше, еңбек нарығында бәсеке пайда болады. Ал бұл біздің мамандардың біліктілігін арттыруға, білімін жетілдіруге, тәжірибе жинақтауына септігін тигізетін болады»,-деді сарапшы.

Оған қоса маман мигранттардың тек заң аясында қызмет істеуін қадағалау керегін баса айтты. «Ресейден келген азаматтардың барлығы заңды, яғни Еңбек кодексінде көрсетілген талаптар бойынша еңбек етуге тиіс. Оны мемлекет не құзырлы органдар қадағалауы керек. Олардың біздің еңбек нарығына қосылуы жемқорлық секілді проблемаларды ушықтырмауы қажет. Сондықтан да заңға сәйкес барлық салық түрін төлеуін, заңды негізде жұмыс істеуін қадағалау керек»,-деді экономист.

Ұлттық қауіпсіздігімізге қауіп төндіруі мүмкін бе?

Бұдан бөлек кейбір азаматтық белсенділер ресейліктердің Қазақстанға ағылуы ұлттық қауіпсіздігімізге қауіп төндіру мүмкін екенін айтады. Бұл жөнінде экономист маман Бейсенбек Зиябеков оларды ылғи бақылауда ұстау керегін айтып, Ресейде де жұмыс істейтін қазақстандықтар барын ескеру қажет екенін атап өтті. «Ұлттық қауіпсіздігімізге қауіп төндіруі мүмкін деген нұсқаны жоққа шығара алмаймын. Елге келіп, уақытша тұруға рұқсат алғандар болсын, қызметке тұрғандар болсын, барлығы құзырлы органдар тарапынан бақылауға алынуы керек. Олар біздің елімізді көркейтуге үлес қосамыз десе, ойы дұрыс болса, онда жақсы. Ресейде де қызмет етіп жүрген қазақстандық азаматтар да баршылық. Солардың да жағдайын ескерген жөн»,-деді ол.

Экономист Марат Қайырленовтің де пікірі осыған саяды. Дегенмен ол әр нәрсенің жақсы тұсын көруге тырысу керегін айтады. «Жалпы қауіп те жоқ емес. Бірақ бұл жағдайдың барынша жақсы тұсын көріп, экономикамызды, белгілі бір салаларды жетілдіру үшін пайдаланып қалуға күш салуымыз керек. Мәселен, Ресей нарығында санкция салынбаған тауарларды жеткізу секілді дүниелерді тиімді пайдалануға болады. Сондай-ақ елге келген Ресей азаматтары арқылы ресейлік кәсіпкерлермен байланысты нығайтуға, отандық бизнес өкілдері үшін жаңа нарыққа жол ашуға мүмкіндік болады деп ойлаймын»,-деді қаржы маманы.

Қазақстанда еңбек миграциясы қалай жүзеге асады?

Жалпы, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, 2022 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша, жергілікті атқарушы органдардың рұқсатымен елімізде 16 278 шетелдік азамат еңбек етіп жүр. Ал қазіргі уақытта Қазақстанда шетелдік жұмыс күшін пайдаланатын 1 683 жұмыс беруші бар. Оларда 429 мыңнан астам Қазақстан азаматы жұмыс істейді, бұл қызметкерлердің жалпы санының 96%-ын құрайды.

Енді елімізге еңбек мигранттары келетін негізгі елдерге тоқталсақ, олардың қатарында Қытай, Түркия, Үндістан, Өзбекстан және Сербия мемлекеттері бар. Сарапшылардың сөзінше, енді көршілес мемлекеттерде болып жатқан жағдайға байланысты олардың азаматтары да еңбек нарығында көбеюі мүмкін.

Жалпы, ішкі еңбек нарығын қорғау мақсатында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жыл сайын республикаға шетелдік мамандарды тартуға квота бөледі. Осы жылғы қаңтарда ірі отандық бизнес өкілдерімен кездесу қорытындысы бойынша, мемлекет басшысының тапсырмасын орындау үшін аталған министрлік шетелдік жұмыс күшін тартуға арналған квотаны бұрын жоспарланған 28 352 бірліктен 23 560 бірлікке дейін, яғни 4 792 адамға (16%) қысқартқан болатын. Бұл қазақстандық мамандардың жұмыспен қамтылуына оң әсер етпек.

Назерке Сүйіндік


Соңғы жаңалықтар