Ресейліктердің Қазақстанға ағылуына алаңдаудың қажеті жоқ – сарапшы

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Ресейліктердің Қазақстанға келуіне алаңдаудың қажеті жоқ. Мұндай пікірді ҚР Президент жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты саяси зерттеулер бөлімінің меңгерушісі Ермек Тоқтаров білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ресей азаматтарының Қазақстанға келуі көптеген сұрақ туғызды. Оған алаңдаудың қажеті жоқ. Мұның бірнеше себебі бар. Біріншіден, көші-қон Шекара қызметі мен Көші-қон қызметінің бақылауында тұр. Ешбір азамат шекара қызметінің рұқсатынсыз өз елінен шыға алмайды. Біздің шекара қызметінің рұқсатынсыз ешкім де Қазақстанға кіре алмайды. Сонымен қатар, бүкіл шетел азаматтарының міндеттемелері бар. Оларды сақтамау заңға сәйкес жазалауға әкелуі мүмкін», - деді саясаттанушы ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында.

Ермек Тоқтаров екіншіден, Ресей азаматтарының Қазақстанда болуының белгілі бір ережелері бар екендігін алға тартады.

«Олар Қазақстанда 90 күннен артық болмауы тиіс. Одан кейін не кетуі, не уақытша тұруға рұқсат алуы қажет. Құқық қорғау органдары шетелдік әріптестерімен өзара іс-қимыл тетігін әзірлеп қойған және шетелдіктер елімізде жүріп-тұру қағидаларын бұзған жағдайда депортациялауға дейінгі шараларды қолдана алады», - деді ол.

Сарапшы үшіншіден, Қазақстан - халықаралық құқықты сақтайтын және көші-қон мәселелері бойынша өз заңнамасы бар ашық ел екендігіне назар аудартады.

«Әр адамның жер бетінде еркін жүруге құқығы бар. Адамдар Қазақстанға туризм және жұмыс мақсатында келе алады. Өз елінде заңнан бас тартқандар үшін жазаның әрқилы түрлері қарастырылған. Сондай-ақ, заңнан жасырынған азаматтарды анықтау және оларды мемлекетіне қайтару туралы мемлекетаралық келісімдер бар. Сондықтан бүкіл көші-қон ағыны нақты бақыланады. Шетелдіктердің елімізде жүріп-тұру ережесі де, құқық бұзушылықтардың алдын алу тетіктері де қолданыста. Мұндай жағдайда мемлекеттік органдарға сену, сондай-ақ тек ресми ақпаратты қарау маңызды», - деп түйіндеді ойын Ермек Тоқтаров.


Фото: kisi.kz





Соңғы жаңалықтар