Ресейліктер құрған қаржы пирамидасына Ақтөбе тұрғындары 10 млрд теңге салған

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – «Gold Сompany LTD» деген атаумен қаржы пирамидасын құрып, тұрғындарға 10 млрд теңге шығын келтірген топқа қатысты сот үкімі шықты. Олар 6 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Іс 2021 жылы сотқа түсіп, онда Ресей азаматтары Павел Литвиненко, Юрий Москвин және Ақтөбе қаласының тұрғыны Равиль Қазыбаевқа Қылмыстық кодекстің «Ұйымдасқан топ, қылмыстық ұйым құру және оларға басшылық ету, сол сияқты оларға қатысу», «Қаржылық (инвестициялық) пирамиданы құру және оған басшылық ету» баптары бойынша айып тағылды.

Іс материалына сүйенсек, Павел Литвиненко, Юрий Москвин және Равиль Қазыбаев 2019 жылдың қазан айы мен 2020 жылдың ақпан айы аралығында қаржылық қылмыс жасаған.

Павел Литвиненко ұзақ жылдар бойы түрлі желілік маркетинг арқылы сату-сатып алумен айналысып, тәжірибе жинаған. Сол қабілетін алға тартып, өзгелерді алдап-арбау жолын ойластырып, қаржы пирамидасын құрды. Сөйтіп 2019 жылы ЖШС-ін заңдастырды. Адамдарды канадалық «ASHLY» компаниясына инвестиция салуға үгіттеді. Ол инвестиция салудың 7 жолын ұсынған. Ең төменгі баға 300 мың теңге болса, ең көбі 10 млн теңге деп белгіленген. Осылайша адамдарға 10 млрд теңгеден астам шығын келдірді. Сотталушылар шығынның көп бөлігін өтегенімен, әлі де 2,4 млрд теңгені қайтаруы тиіс.

Ақтөбе қалалық №2 сотында қаралған қылмыстық іске үкім шықты. Павел Литвиненко 12 жылға бас бостандығынан айырылды. Ол 7 жыл бойы коммерциялық және қаржылық ұйымдарда басшылық қызмет атқара алмайды. Юрий Москвин 9 жылға, ал Равиль Қазыбаев 6 жылға бас бостандығынан айырылды. Олар жазасын қауіптілігі орташа түзету мекемесінде өтейді. Сонымен бірге үш сотталушы жәбірленушілердің шығынын толық өтеуі тиіс. Жәбірленушілердің көбі 300 мың теңге ақшасын сеніп берсе, кейбірі 4-10 млн теңгесін аударған.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.


Соңғы жаңалықтар