Ресейліктер көлікті жаппай сатып алып жатыр деген әңгіме шындыққа жанаспайды – министр

Фото:
АСТАНА. ҚазАқпарат – ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев отандық автоөнеркәсіп нарығындағы тапшылық жөніндегі сұраққа жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде тілшілер министрден Қазақстандағы автокөліктерді Ресей мен басқа да елдерге шығару нарығын қадағалау мүмкіндігіне қатысты сұрақ қойылды.

«Экономика заңдылығы бойынша барша әлем өнімді өткізу нарығы үшін бәсекеге түседі. Өнімді неғұрлым көбірек сатсақ, бұл сала жылдамырақ дами түседі. Осы орайда жаңа жұмыс орындары құрылады. Ресейліктер біздің көліктерді жаппай сатып алып жатқаны жөнінде соншалықты дүрбелеңді көріп тұрғанымыз жоқ. Бұл тұрғыда Қазақстан азаматтары көліктерді сатып алып, кейіннен оны қайта өткізіп жатқаны туралы ақпарат түсіп жатыр», - деді Қ. Өскенбаев.

Оның айтуынша, жеңілдетілген пайызы төмен несие беру бағдарламасы бойынша сатып алынған автокөліктер шетелге шығарылмауы керек. Ол үшін мемлекет нақты ел тұрғындарына бастапқы жарнасыз сатып алуына мүмкіндік жасады.

Сонымен қатар министр мемлекеттік бағдарламадан тыс өткізіліп жатқан көліктер бойынша өндіріс көлемін арттыру маңызды екенін айтты.

«Біздің машиналар әлемнің барлық еліне өткізілуін ынталандыруымыз керек. Біз үнемі проблеманы мәжбүрлі түрде шешу жолдарын іздеп жатамыз. Яғни белгілі бір шектеуледі енгізу ұсыныстары жасалып жатады. Бұл саладағы мәселелерді экономикалық жолмен шешу керек. Еліміздегі автоөнеркәсіп өндірісін күшейтуге мән берген жөн», - деді ведомство басшысы.

Оның сөзіне қарағанда, таяу күндері тағы үш-төрт зауыттың құрылысы басталады. Бұл ретте автокөлік бөлшектерін елімізде шығаруға екпін қойылып отыр.







Соңғы жаңалықтар