Ресейлік волонтер жастар Мемлекет басшысына ұсыныс жасады

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - РФ еріктілер орталықтары қауымдастығы кеңесінің төрағасы Артем Метелев Мемлекет басшысына арнайы ұсыныс жасады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қостанай облысына жұмыс сапары барысында Қазақстан-Ресей жастарының халықаралық форумына қатысты.

Ал Ресей Федерациясы еріктілер орталықтары қауымдастығы кеңесінің төрағасы Артем Метелев аталмыш форумға арнайы ұсыныспен келгенін айтты.

«Ресейде өзінің іргелі жобаларымен танылған волонтерлер топтары бар. Біз оларды бір қауымдастыққа жинадық. Олардың көбі Қостанайға келіп, тәжірибесімен бөлісті. Мысалы, біздегі «Ерікті дәрігерлер» тобы медициналық персоналға едәуір көмектерін тигізіп жүр. Олар енді Қазақстанның медициналық ұйымдарымен меморандумға қол қоюға ниетті. Тағы сондай ілкімді жобалардың бірі - «Менімен бірге арманда». Мұнда жастар қауіпті ауруға шалдыққан жандарға көмек қолын созады. Міне, осындай бастамаларды Қазақстанда жасағымыз келеді. Екі елдің еріктілері тәжірибе алмасып, ортақ жобаларға жұмылсақ, волонтерлық саласын дамытуға үлес қосамыз. Қазақстан тарапынан қолдау болса, бағдарламаларымыз дайын», - деді Артем Метелев Мемлекет басшысына ұсыныс білдіріп.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің озық ойлы жастары ғылымда, ІТ-технологияда, мәдениет, бизнес және спорт саласында жақсы нәтижелерге қол жеткізіп жүргенін атап өтті. Сонымен қатар, еріктілер тобының жобаларын қолдайтынын жеткізді.

Айта кетсек, Қазақстан мен Ресей жастарының форумы барысында «Ұлттық еріктілер желісі» ұйымының төрайымы Вера Ким 2020 жылды Еріктілер жылы деп жариялауды ұсынды. Оның айтуынша, елде 200-ден астам еріктілер ұйымы тіркелген.

Соңғы жаңалықтар