Ресейлік туристер Бурабай мен Зерендіде демалады

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Visit Aqmola туристік ақпараттық орталығы Ресей Федерациясының бірқатар туристік компанияларына, оның ішінде Екатеринбург, Қорған, Челябі, Түмен, Омбы қалаларына ақпараттық-жарнамалық тур өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақмола облысының кәсіпкерлік және туризм басқармасының баспасөз қызметі хабарлағандай, турдың басты мақсаты туристік компанияларды Бурабай және Зеренді шипажайларындағы ең жақсы демалыс орындарымен кеңінен таныстыру болды.

Visit Aqmola орталығының басшысы Данияр Даировтың айтуынша, төрт күн бойы қонақтарға Бурабай және Зеренді курорттық аймақтарының ең жақсы демалыс және сауықтыру нысандары көрсетілді. Келушілер Нұр-Сұлтан қаласында да болды. Сонымен қатар, инфотур аясында облыстағы демалыс орындары өкілдерінің қатысуымен B2B кездесуі және Ақмола облысының туристік мүмкіндіктерінің таныстырылымы өтті.

«В2В кездесуі біз үшін тамаша мүмкіндік, өйткені біз Бурабайға аптасына 3 жүзден 5 жүзге дейін қонақ әкелеміз. Біз барлығын қамтитын турларды ұсынамыз, яғни бағдарламаға трансфер, күніне үш мезгіл тамақ, ойын-сауық бағдарламалары, тауға шығу кіреді. Биыл Ақмола облысына туристерді Омбы қаласынан, келешекте Түмен мен Қорғаннан да әкелуді жоспарлап отырмыз», - дейді Hangout Tour туристік агенттігінің директоры Игорь Стрельцов.

«2014 жылдан бастап Қорған, Челябі және Свердлов облыстары Бурабай курортымен тығыз байланыста. Осы жылдар ішінде жаңа қонақ үйлер мен ойын-сауық пайда болды. Біздің туристер белсенді түрде осында демалуға барады. Кездесу қорытындысы бойынша біз ресейлік туристер бірқатар себептерге байланысты жайлы қонақ үйлерге бара алмайтынын ескеріп, ынтымақтастық орнататын қонақ үйлер қатарын кеңейткіміз келеді, ал сіздердің демалыс орындарыңыз біздің көңілімізден шықты», - деп қосты Қорған облысының туризмді дамыту қауымдастығының төрағасы Наталья Краснова.

Соңғы кездесу, ұйымдастырушылардың айтуынша, қонақтарға әріптестерімен тәжірибе және ақпарат алмасуға, өздерінің туристік нысандарын таныстыруға, ең бастысы, Ақмола облысына туристерді жіберу бойынша келісімдерге қол жеткізуге мүмкіндік берді.


Соңғы жаңалықтар