Ресейлік төлқұжатыма қазақы шапанмен суретке түстім - Шерхан Әбілов

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Кентау қаласының құрметті азаматы Шерхан Әбілов Ресей елінде актерлік өнерімен көпшілікті мойындатып, көптеген туындыларда белгілі тұлғаларды сомдап жүр. «Ленфильм» киностудиясының актері, Ресей кино актерлер гильдиясының мүшесі, Ресей Федерациясы кинематографистер одағының мүшесі Ш.Әбіловпен кездесіп, сұхбаттасудың сәті түсті.

- Шерхан Әбдіұлы, Мәскеу төрінде түсірілген фильмдерде Сіз жыршы-жырау, халық ақыны Жамбыл Жабаевтың, Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың рөлін сомдағансыз. Танымал тұлғалардың образына ену қиындық тудырмады ма?

- Мені жыр алыбы Жамбылдың рөлін сомдауға шақырғанда бірден келісім бердім. Фильмде қазіргі заманға тап болған Жамбыл атамыздың рөлін сомдап, «Ленинградтық өрендерім» өлеңін оқыдым.

Ал, 2001 жылы «Ельцин. Три дня в августе» деген фильм түсірілетін болды. Үйге Мәскеуден қоңырау соғып, Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың бейнесін сомдауымды өтінді. Мен келістім. Түсірілім жақсы өтті. Фильм көпшіліктің көңілінен шықты. Эпизодта Б.Ельцин, М.Горбачев, Н.Назарбаевтың кездесуін көрсеттік. Біраз жақсы түсірілімдер болды.

Маған қиындық тудырған мәселелер болған жоқ. Тек қызықты оқиғалар көп орын алды. Жамбыл атамыздың рөлін сомдау үшін түсірілім алаңынан қазақы киімдер таппадым. Режиссердан сақал, қазақы киімдер сұрасам, олар таба алмады. «Енді қайдан аламыз десем?», «Сізде бар ғой» дейді. Содан үйден екі түрлі шапан алып бардым. Оның біреуін түсірілім алаңында, екіншісін үйдің ішінде жүргенде кидім. Сондай-ақ үйдегі көрпелерді, қоржындарды, самаурын, қамшы, шәйнек, кесе секілді қазақы заттардың барлығын түсірілім алаңына алып баруға тура келді. Себебі, онда қазақтың өмірін көрсететін ешқандай ұлттық заттар жоқ еді. Түсірілім тамаша өтті. Фильмдер көпшіліктің көңілінен шықты.

- Үйіңізде қазақы заттарды көп ұстайтын көрінесіз? Оларды қайдан аласыз?

- Үйдегі бір бөлмемде Ж.Жабаевтың, Ш.Уалихановтың, А.Құнанбаевтың және Алтын адамның суреті бейнеленген кілемдер ілініп тұр. Қазақ қыздарының билеп жүрген суреті салынған алашалар бар. Оларды Алматыдағы кілем зауытынан арнайы сатып алғанмын. Сондай-ақ сөрелерге ою өрнектері бар ыдыс-аяқтар, қоржын, шәйнек, самаурын, құмандарды қойып қойдым.

Елден таныстар қонақ болып келгенде намаз оқимын деп үлкен мата сұрайды. Мен қоя тұр деп жайнамаз беремін. Ресейде тұрып, жайнамаз ұстағаныма барлығы «қайдан алғансың?» деп таңғалады. Елге келгенде Түркістаннан жайнамаз бен құманның әртүрінен мол етіп алып кетемін. Дубайдан сатып алған жайнамазым да бар. Қайда жүрсем де ұлттық киімімізді ұлықтап, ұялмай киіп жүремін. Тіпті, Ресейлік төлқұжатыма суретке түскенде де біраз қиындықтар болған. Төлқұжат дайындайтын жерге екі сурет алып бардым. Мамандарға шапан киіп түскен суретімді берсем, «алмаймыз, жарамайды» дейді. «Немене, тыржалаңаш тұрмын ба?» - деп сұрасам, ұлттық киімді ауыстырып келуімді талап етті. Содан басшысын шақырдым. Келді. Мән жайды түсіндіріп айтсам, олда «костюм киіп түскен басқа сурет алып келіңіз» деп тұр. «Басқа костюмім жоқ» деп қасарыстым. «Не себепті қабылдай алмайтындарыңызды қағаз жүзінде жазып беріңіздер. Мен сотқа шағым түсіремін. Сот қалай шешеді солай істейміз. Егер сот сіздер жақты қолдап шешім шығарса, біреудің костюмін сұрап алып, суретке түсіп беремін» дедім. Басшы суретті қабылдады, «төлқұжат жасап беріңдер» деп қызметкерлеріне тапсырма берді. Осылайша 2004 жылы Ресей Федерациясынан алған төлқұжатыма ұлттық шапанымызды киіп түскен суретімді орналастырдым.

- Шет елде жүрсіз. Жалпы ұлттық құндылықтарға аса үлкен жауапкершілікпен көңіл бөлетініңіз көрініп тұр. Ал, ұлттық тағамдарды жиі тұтынасыз ба?

- Мен жиі-жиі еліме қонаққа келіп тұрамын. Ал қайтарда міндетті түрде қазы-қарта сатып аламын. Ресейдегі үйімізде жыл он екі ай бойы қазы үзілмейді. Әуежайда қазыны санитарлық анықтамасын сұрап өткізбейді ғой. Мен қулыққа салып, қолыма ұстап «піскен қазы» деп алып өтем. Пісірілмесе алып қояды. Үйде ұлттық тағам – етті жиі асып тұрамыз. Қазыны қонақтар келген кезде асамыз.

2003 жылы Санк-Петербургте Жамбыл Жабаевтың ескерткіші ашылғанда немересі Әлімқұл үйде қонақта болды. Ет асып, үстелдің үстіне қойдық. Астына қазақы оюланған көрпелерді төседік. Шайды да оюы бар кесемен бердім. Құран оқыдық. Сөйтсем Әлімқұл «Бешбармақ жеп, оюлы кесемін шай ішіп, оюы бар төсекте отырмын. Бізді Ресейде жүр деп кім айтады» дегені бар. Жыл сайын туған жерім –К нтауға келіп тұрамын. Сол кезде Әлімқұл көкеге соғып, ақсақалмен амандасып, батасын алып кетемін.

Туған жерге де құр қол келмеймін. Осы соңғы сапарымда Ә.Молдағұлова атындағы мектепке Ресейден әртүрлі көрнекіліктер, Ә.Молдағұлова туралы тың деректерді алып келіп табыс еттім. Әлия туралы мақалалар жарық көрген кітаптар мен газеттерді сыйладым. Болашақта мұражай ашылса қажет болады.

Түркістан қаласындағы Н.Төреқұлов атындағы мұражайға да Н.Төреқұлов атындағы медаль бердім. Олар да маған риза болып, сый-сияпат көтсетті. Мұнан өзге де алып келген заттарым, жерлестеріме деген ыстық ықыласым жетерлік.

- Өзіңіз қазақ тілінде еркін сөйлейсіз. Отбасыңыздың мүшелері қазақ тілін біле ме?

- Келіншегім Кентауда жылға жуық уақыт тұрды. Қазақтың салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын жақсы біледі. Балам қазақ тілінде жақсы сөйлейді. Ал жарым қазақша түсінеді және тұрмыстық дәрежеде біршама сөздерді жақсы айтады. «Әке туралы әнді» қазақ тілінде нақышына келтіре отырып орындайды.

- Жалпы «Ленфильмге» қалай орналастыңыз? Ресейдегі қандастарымыздың жағдайы қалай? Байланысып тұрасыздар ма?

- Ресейде оқып жүрген кезімде «Ленфильммен» байланыс орнаттым. Кейіннен осында қалдым. Бүгінгі күні бәрі жақсы. Жалпы 1981 жылдан бері «Ленфильмде» киноға түсіп жатырмын. Қазірге дейін 100-ден аса фильмге түстім. 21 кітабым жарық көрді.

Мұндағы қазақтар жиі-жиі жиналып, басқосып тұрамыз. Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесін, Тәуелсіздік күнін жоғары деңгейде атап өтеміз.

- Әңгімеңізге рахмет.


Соңғы жаңалықтар