Ресейлік компания Түркістанда 500 гектарлық жылыжай салады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Жылыжай кешені арқылы ресейлік компания 10 мың жұмыс орынын ашпақ, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Біздің компания Ресейде 10 жылдан бері көкөніс өсірумен айналысып келеді. 200 гектарға жуық жоғары технологиялы жылыжайларымыз бар. 100 мың тоннаға дейін жылына көкөніс сатамыз. Алдағы уақытта Қазақстанда біршама ірі жобаларды іске асырсақ деген ойымыз бар. Нақтырақ айтқанда, Алматы облысында 80 гектар аумақта жылыжай салу жоспарланған. Сонымен бірге, бүгін «Қазақ инвест» компаниясымен меморундамға қол қойдық. Ол бойынша Түркістан облысында 500 гектарлық аумаққа жылыжай салу жобасына 1 млрд доллар құямыз. Жобаны жүзеге асыру барысында 10 мыңға тарта жұмыс орыны ашылады», - дейді «АПХ ЭКО-КУЛЬТУРА» компаниясының басшысы Александр Рудаков АЭФ-тың инвестицияларға қатысты сессиясы аясында тілшілерге берген сұхбатында.

Оның айтуынша, Түркістан өңірі көкөніс өсіруге өте қолайлы.

«Осы жоба арқылы 200 мың тонна көкөніс өсіріп, Ресей нарығына кіркізсек дейміз. Ресейге қазіргі уақытта сырттан сапасыз 800 мың тонна көкөніс енгізілуде. Ал біз осы сапасыз өнімді орнын сапалы көкөніспен алмастыратын боламыз. Жобаны жүзеге асыруда қолдау білдіріп жатқан ҚР Үкіметі мен «Қазақ инвест» компаниясына алғыс білдіреміз», - дейді ол.

Еске сала кетсек, елордада кеше ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен XII Астана экономикалық форумы басталған болатын.

АЭФ-тың басты мақсаты - жаһандық үрдістерді зерттеу және Қазақстан дамуының практикалық саясатын жасау үшін экономикалық саясат пен ғылым саласында тәжірибе алмасу алаңын құру. 11 жыл ішінде Астана экономикалық форумы (АЭФ) әлемдік экономика мен қаржы жүйесін жетілдіру және дамыту мәселелерін талқылауға арналған ең беделді халықаралық платформалардың бірі ретінде мәртебеге ие болды.

Соңғы жаңалықтар