Ресейлік ірі компания АХҚО биржасының ресми тізіміне енгізілді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Ресейдің «Полиметалл» компаниялар тобы «Астана» халықаралық қаржы орталығы биржасының ресми тізіміне енгізілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Полиметаллдың листингі халықаралық деңгейде танылған ірі эмитенттің тарапынан Қазақстанның инвесторлық әлеуетіне, АХҚО құзіретіне, сондай-ақ AIX-тің технологиялық мүмкіндіктері мен инфрақұрылымына деген жоғары сенімінің айғағы болып саналады. Бұл сенім еліміздегі жұмыс тәжірибесіне негізделгені анық және басқа да орта және ірі компаниялар AIX-тің әлеуетті эмитенттері үшін үлгі болмақ», - деді «Астана» халықаралық қаржы орталығының басқарушысы Қайрат Келімбетов.

null

АХҚО биржасындағы листинг Полиметалдың Қазақстандағы қызметінің алғашқы 10 жылдығымен тұспа-тұс келген.

«АХҚО биржасындағы листинг Полиметалдың Қазақстандағы қызметінің алғашқы 10 жылдығымен тұспа-тұс келген айтулы сәт. Бұл акцияларымызды жергілікті инвесторлар үшін анағұрлым тартымды әрі қолжетімді етеді және бізге акционерлер базасын кеңейтуге мүмкіндік береді деп үміттенеміз», - деді «Полиметалл» компаниялар тобының атқарушы директоры Виталий Несис.

Осы ретте ол бұл алғашқы қадам ғана екендігін атап өтті.

«Біз кеше Алматыда инвесторлармен кездесу барысында мәселелерді талқыладық. Егер сұраныс болып жатса, онда орналастырылатын акциялар көлемін ұлғайтуға мүмкіндік бар», - деді ол.

«HalyкFinance» компаниясының өкілі Мұрат Темірхановтың айтуынша, Полиметаллдың листингке енгізілген акцияларының көлемі 10 млн долларды құрайды.

«Біз қор нарығының кәсіби қатысушысы ретінде мұны маңызды оқиға деп санаймыз. Себебі бізде капитал нарығы әлі де даму процесінде тұр. Өткен жылы «Қазатомөнеркәсіп» сауда-саттығының ұйымдастырушысы болдық. Ол кезде жағдай мүлдем түсініксіз еді, нарық құлдырап, уран сатылымы нашарлап кеткен болатын. Тіпті сондай әлсіз маркетингтің өзінде сатылым 64 млн долларды құрады. Сондықтан Қазақстанда инвесторлар үшін үлкен мүмкіндік бар деуге болады», - деді М.Темірханов.

Айта кетейік, 2009 жылдан бері Қазақстанда жұмыс істейтін Полиметалл Шығыс Қазақстан облысында «Қызыл» және Қостанай облысында «Варваринское» жобаларын жүзеге асырып жатыр. Бұл компания тобында елімізде 2500 адам жұмыс істейді. Өткен жылы Полиметаллдың Қазақстандағы активтері 238 мың унция алтын өндірді.

null

Соңғы жаңалықтар