Ресейлік инвесторларға «Qyzyljar» экономикалық аймағы таныстырылды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Қазақстан-Ресей XVI өңіраралық форумында Солтүстік Қазақстан облысы ресейлік инвесторларға жаңадан құрылған экономикалық аймақтың тиімділігін пайдалануды ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Омбыда өткен Қазақстан-Ресей XVI өңіраралық форумы аясында СҚО әкімі Құмар Ақсақалов ресейлік бизнесмендермен кездесті. Облыс әкімі баспасөз қызметінің хабарлауынша, Петропавлда жаңадан құрылған арнайы экономикалық аймақ әңгіме өзегіне айналды. Онда ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу және синтетикалық материалдарды шығару жоспарланған.

Арнайы экономикалық аймақта өнімі экспортқа бағытталған кәсіпорындар ашылып, нәтижесінде 3 мың жаңа жұмыс орны пайда болады. Өңірде қазір 500-ден астам өндіріс орны ресейлік инвесторлардың қолдауымен жұмыс істеп жатыр. Оған облыста шағын және орта бизнеске жасалып отырған қолайлы жағдай себеп. Арнайы экономикалық аймақ аясында жұмыс істейтін кәсіпкерлерге басқа да көптеген тиімді ұсыныстар бар.

«Салық төлеуде жеңілдіктер болды. Инфрақұрылым мемлекет есебінен тартылады. Жер учаскесін береміз. Арнайы экономикалық аймақ 25 жылға құрылған. Өңдеуші өнеркәсіп бағытында жұмыс істейді. Басымдық берілетін инвестициялық жобалар бар, оларды корпоративтік табыс салығынан 10 жылға дейін және жер, мүлік салығынан босату мүмкіндігі бар», - дейді СҚО әкімінің орынбасары Дәурен Жандарбек.

Форум аясында Уәлиханов ауданындағы қиыршық тас кен орнын пайдаланып, құрылыс материалын теміржолды қайта қалпына келтіру арқылы Омбы облысына сату мәселесі талқыланды.

«Теміржолды салу арқылы тасымалдау көлемін бірнеше есе ұлғайтамыз. Ресейлік тарап арзан материал алады, біз инвестиция тартамыз. Зауыттар салынып, облыста жаңа жұмыс орындары ашылады», - деді Құмар Ақсақалов.

Соңғы жаңалықтар