Ресейге және басқа елдерге экспортқа ет өнімдерін шығару қарқынын арттыру қажет - Н.Назарбаев

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ресей Федерациясына және басқа елдерге экспортқа ет өнімдерін шығару қарқынын арттыру қажет.

Бұл туралы ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Ақмола облысына жұмыс сапары аясында өңірдің ауыл шаруашылығы өндірушілерімен және агрокәсіпорындар басшыларымен кездесуінде айтылды.

Мемлекет басшысы алдымен егін орағы жүріп жатқан алқаптарда болып, «Есіл-Агро», «ҚазГерҚұс», «Сочинский» және тағы басқа өңдеуші кәсіпорындардың жетістіктері көрмесімен танысты.

Бұдан кейін облыс аграршыларымен кездесу өткізіп, онда Елбасы саланың ең өзекті мәселелеріне тоқталды. Әңгіме барысында ауыл шаруашылығы бағытындағы пайдаланусыз қалып жатқан жерлерді айналымға енгізу, алқаптарды тиімді пайдалану, осы заманғы технологиялар мен тыңайтқыштарды кеңінен қолдану жайлары сөз болды. Мемлекет басшысы аграршыларды әртараптандырумен неғұрлым батыл айналысуға, дәстүрлі дақылдарды ғана емес, сонымен бірге, әлемдік және ішкі нарықта сұранысқа ие жаңа дақылдарды да өсіруге шақырды.

Кездесуде ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу мәселелері де қозғалды. Нұрсұлтан Назарбаев бұл салада ет өндірісіне және оны өңдеуге жете көңіл бөле отырып, Ресей Федерациясына және басқа елдерге экспортқа ет өнімдерін шығару қарқынын арттыру қажеттігін ерекше атап өтті. Жобалық қуатына жете алмай отырған кәсіпорындарға ендігі арада бұл үшін барлық мүмкіндіктерді жұмылдырмай болмайды.

Елбасы кездесуге қатысушылардың назарын мемлекет өз тарапынан тұтастай ауыл шаруашылығын және оның жекелеген салаларын қолдау мен дамытуға ерекше көңіл бөліп отырғандығына аударды. Елімізде субсидиялау жүйесі енгізіліп, табысты жұмыс істеуде, бұл жүйе одан әрі жетілдіріле түсетін болады.

Кездесуде сөз алған «Ижевский» өндірістік кооперативінің басшысы Ибрагим Жанғоразов облыс аграршылары атынан Мемлекет басшысына ауыл шаруашылығына жасап отырған қамқорлығы үшін зор алғысын білдірді.

Мемлекет басшысы өз сөзінде алда тұрған өскелең міндеттерді шешуде ақмолалықтарға зор табыс тіледі. Ол сонымен бірге Қазақстанның алдағы уақытта да барлық бағыттар бойынша тұрақты дами түсетіндігіне өз сенімін білдірді.

Соңғы жаңалықтар