Ресейге салынған санкциялар қазақстандық банктерге шектеулі әсер етеді

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Standard&Poor's халықаралық рейтинг агенттігінің сарапшылары Қазақстанның сыртқы активтері қазіргі уақытта айтарлықтай жеткілікті екенін айтуда. Бұл туралы Ұлттық банк таратқан хабарламада айтылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

ҰБ хабарлауынша, жалпы еліміздің сыртқы қаржыландыруға деген мұқтаждығы салыстырмалы түрде төмен.

Бұл ретте S&P валюта нарығындағы тұрақсыздықты басу үшін резервтерді қолдану салдарынан аталмыш резервтрдің көлемі төмендейді деп күтуде. Дегенмен, агенттік мұнай мен алтынның жоғары бағасы, сондай-ақ сыртқы резервтердің жеткілікті деңгейі Қазақстанға орын алуы ықтимал шоктарды табысты еңсеруге мүмкіндік береді деп санайды.

Осы жылғы ақпанда инфляция 8,7%-ға жетті, бұл Ұлттық банк белгілеген 4-6%-дық дәлізден жоғары. 2022 жылы S&P ЖІӨ өсімі 2%-дық деңгейді құрайды деп болжауда. Агенттік Ұлттық банктің дер кезінде іске асырған әрекетін, тұрақсыздық жағдайында бағалар тұрақтылығын сақтау мақсатында базалық мөлшерлемені 13,5%-ға дейін көтергенін атап өтті. Теңгедегі депозиттердің тартымдылығын сақтау мақсатында Ұлттық банк Үкіметпен бірлесіп, бюджет қаражаты есебінен іске асырылатын теңгелік депозиттерді қорғау механизмін қабылдады.

Сондай-ақ S&P пікірінше, ресейлік банктерге салынған санкциялар Қазақстандық екінші деңгей банктерінің қызметіне шектеулі әсер етеді.

Еске салсақ, Standard&Poor's халықаралық рейтинг агенттігі Қазақстанның тәуелсіз кредит рейтингін «BBB-/А-3» деңгейінде растап, «Тұрақты» деп болжады.

Сонымен қатар халықаралық ұйым Каспий құбыр консорциумындағы жағдай Қазақстанның мұнай экспортының айтарлықтай үзілісіне алып келмейді деді.



Соңғы жаңалықтар