Ресейдің ірі компанияларының акцияларын енді қазақстандықтар сатып ала алады
2016 жылғы 5 сәуір 13:39

Ресейдің ірі компанияларының акцияларын енді қазақстандықтар сатып ала алады

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Ресейдің ірі компанияларының акциялары енді KASE қор биржасына шығарылады. Бұл туралы бүгін Алматыда өткен баспасөз мәслихаты барысында белгілі болды.

«Фридом Финанс» АҚ ресейлік 7 ірі компанияның акцияларын листингке шығаруға рұқсат алды. Қазақстан қор биржасы компанияға аталған құнды қағаздар жөніндегі маркет-мейкер мәртебесін берді.

Бұдан былай Қазақстан қор биржасында жүргізілетін сауда-саттық арқылы «Аэрофлот-российские авиалинии» ЖАҚ (жария акционерлік қоғамы), «Банк БВТ» ЖАҚ, «Газпром» ЖАҚ, «Магнит» ЖАҚ, «Ростелеком» ЖАҚ, «Сбербанк России» ЖАҚ, «Уралкалий» ЖАҚ сынды компаниялардың құнды қағаздарын сатып алуға немесе сатуға болады.

«Біз бұл қадамға Қазақстаның қаржы нарығын дамыту және Бірыңғай экономикалық кеңістік шеңберінде Ресеймен ықпалдастықты арттыру мақсатында бардық. Тарихқа үңілсек, географиялық жақындығы мен орыс тіліндегі мәліметтердің қолжетімділігіне байланысты қазақстандық инвесторлар қай кезде Ресейдің құнды қағаздарына қызығушылық танытып отырған. Енді біз KASE қорында жұмыс істейтін барлық инвесторларға Ресей қор нарығындағы «көгілдір фишкаларға» қол жеткізуге, сондай-ақ, теңгелей есептесуге, жергілікті брокерлік компаниялар арқылы және Қазақстандағы салықтық жеңілдіктерді пайдалануға мүмкіндік беріп отырмыз. Шетелдердегі танымал биржа құралының енгізілуі аймақтық қаржы хабын дамытуға жасалған үлкен де маңызды қадам деп білемін», - деді «Фридом Финанс» ИК Бас директоры Тимур Турлов.

Өз кезегінде «Қазақстан қор биржасы» АҚ өкілдері Ресейдің «көгілдір фишкаларының» Қазақстан қор нарығына шығарылуы отандық нарықтың өтімділігін арттыратынына сенім білдірді.

«Нәтижесінде, ол табысты әрі сенімді инвестиция құралын іздеп жүрген инвесторлар мен биржа нарығын капитал тарту алаңы ретінде қарастыратын компаниялар үшін тартымды болады деп сенеміз. Біз бұрынғыша, жаңа компаниялардың құнды қағаздарын листингке шығаруға және KASE қоры ұсынатын қаржылық құралдар санын арттыруға мүдделіміз. Ол үшін барынша қолайлы жағдай жасауға дайынбыз. Мәселен, қазіргі таңда өзге биржаларда листингке шығарылған шетелдік компаниялардың нарыққа шығу кезеңі барынша жеңілдетілген», - деді «Қазақстан қор биржасы» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Хорошевская Наталья.

Ресей құнды қағаздарының бағасы Мәскеу биржасындағы бағаға сәйкес белгіленеді. Содан соң белгіленген баға ағымдағы бағам негізінде теңгемен есептеліп, маркет-мейкерлер осы баға негізінде жұмыс істейді. Акциялар Астана уақытымен сағат 15:00-ден 17:00-ге дейін саудаланады.

Акцияларды кез-келген адам қалауынша сатып ала алады. Ең төменгі лот бір құнды қағазға тең. Жоспар бойынша сауда-саттық 2016 жылдың 15-сәуірінде басталуы тиіс.

Қазіргі таңда «Фридом Финанс» компаниясы ресейлік тағы 6 ірі компанияның құнды қағаздарын листингке шығаруға дайындап жатыр. Олардың арасында «ГМК «Норильский никель» ЖАҚ, «Лукойл» ЖАҚ, «Новолипецкий металлургический комбинат» ЖАҚ, «Роснефть» ААҚ, «Северсталь» ЖАҚ, «Сургутнефтегаз» ААҚ бар.

Айта кетейік, Мәскеу биржасы бойынша Аэрофлот-российские авиалинии» ЖАҚ акциясының бағасы 75 рубль, «Банк ВТБ» ЖАҚ - 0,07 рулбь, «Газпром» ЖАҚ 147 рубль, «Магнит» ЖАҚ - 10 470 рубль, «Ростелеком» ЖАҚ - 98 рубль, «Сбербанк России» ЖАҚ - 109 рулбь, «Уралкалий» ЖАҚ бір акциясының құны 164 рулбь.
мың бар шыгар

Jańalyqtar

MURAǴAT