Ресейдің еншілес банктерінде 500 млрд теңге депозиттер сақтаулы – Мәдина Әбілқасымова

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанда ресейлік еншілес банктердің шамамен 1,7 трлн теңге болатын несие портфелі бар. Бұл туралы ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«24 ақпаннан бері санкциялар енгізілген сәттен бастап, Ресейдің үш еншілес банкі – Қазақстанның Сбербанкі, Қазақстанның Альфа-Банкі және Қазақстанның ВТБ банкі де санкциялар тізіміне енді. Олардың қызметіне белгілі бір шектеулер енгізілді, бұл ең алдымен, шетелдегі корреспонденттік шоттардың жабылуына, шетелдік банктердің олардың активтерін тоқтатуына және АҚШ долларында, еурода және фунт-стерлингте операцияларды жүргізудің мүмкін болмауына байланысты», - деді Мәдина Әбілқасымова Сенаттың жалпы отырысында депутат сұрағына берген жауабында.

Сонымен бірге спикер осы сәттен бастап үш еншілес банктен депозиттердің шығарыла бастауы байқалғанын айтты.

«Негізінен бұл депозиттер біздің қазақстандық банктерге өткен. Мұнда осы банктердің барлығы төлем жасауға қабілетті екенін, олардың ауқымды несие портфелі, өтімділігі бар екенін атап өткім келеді. Клиенттердің депозиттерді алу және өз қаражатын басқа қазақстандық банктерге аудару бойынша барлық талаптары толығымен орындалды және қанағаттандырылды», - деді Мәдина Әбілқасымова.

Оның айтуынша, банктерде жеке және заңды тұлғалардың 500 млрд теңгеге жуық депозиттері сақтаулы.

«Сонымен қатар, бұл банкте де өте ауқымды несие портфелі бар, шамамен 1,7 трлн теңге. Бүгінде өтімді қаражат шамамен 590 млрд теңгені құрайды, осылайша олар жеке және заңды тұлғалар алдындағы барлық міндеттемелерді қамтиды. Яғни, банктер төлем жасауға қабілетті және олардың тұрақсыздығы туралы мәселе көтерілген жоқ»,- деп атап өтті Мәдина Әбілқасымова.


Соңғы жаңалықтар