Ресейден екі жолмен газ тартуға болады – Энергетика министрі

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Солтүстік пен шығыстағы өңірлерге көгілдір отын жеткізу үшін Ресей аумағынан екі құбыр тартуға болады. Мәжілісте өткен Үкімет сағатында ҚР Энергетика министрі Болат Ақшолақов аталған жобалардың мүмкіндіктеріне тоқталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Солтүстік пен шығыстағы өңірлерді газдандарудың екі жолы бар. Ол туралы бұған дейінгі кездесулерде талай рет айттық. БАҚ өкілдерінің сауалына жауап бергенде де айтылды. Бірінші жол – Ресей Федерациясының аумағынан құбыр тарту. Бұл мәселе Қазақстан-Ресей жұмыс тобының аясында қаралып жатыр. Газ құбырының ең тиімді нұсқасы анықталды. Картадан қарасаңыздар, Семей, Өскемен, Павлодар өңірлерін Барнауыл арқылы газдандыруға болады. Құбырдың болжамды ұзындығы 1000 шақырымдай», - деді министр.

Сондай-ақ, Петропавл арқылы елордаға дейін газ құбырын тарту жобасы пысықталып жатқан көрінеді.

«Екінші бөлігі – Ресей аумағындағы Есілден құбыр тарту. Петропавл-Көкшетау-Нұр-Сұлтан арасын жалғайтын құбырдың ұзындығы 146 шақырым болмақ. Қазір есептеп жатырмыз. Ресей тарапының қажет көлемде газ беруге дайын екені туралы келісімі бар. Қазір біз тұтыну көлемін дұрыстап есептеуіміз керек. Газ құбырын төсеудің тиімді есебін де жасау қажет», - деді Энергетика министрі.

Бұған дейін ҚР Энергетика министрлігі Ресейден газ тарту үшін шекаралас облыстардың қажеттіліктерін зерттеп жатқанын хабарлаған еді.


Соңғы жаңалықтар