Валюта бағамдары:
    usd/kzt 476.18 eur/kzt 485.56

    rub/kzt 7.76 cny/kzt 70.34
Ауа райы:
Нұр-Сұлтан: 1 °С
Алматы: 15 °С

Ресейден дәнді дақылдар тұқымын импорттау проблемасы шешілді

2022 жылғы 25 мамыр 13:35

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Ресейден дәнді дақылдар тұқымын импорттау проблемасы шешілді. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы вице-министрі Әбілхайыр Тамабек айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бұған дейін бұқаралық ақпарат құралдары бірнеше рет хабарлағандай, Ресейден дәнді дақылдарды жеткізу проблемасы болды. Мұның себебі Ресей тарапының дақылдарды экспорттауға тыйым салуы еді. Тұқым бойынша СЭҚ ТН ұқсас коды болғандықтан, оларға да тыйым салынған», - деді вице-министр Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, бұл тұқымдар елімізге сортты жаңарту және сортты ауыстыру үшін қажет. Сондықтан мәселе Премьер-Министрлердің орынбасарлары деңгейінде көтерілді. Нәтижесінде Ресей Федерациясының Үкіметі тұқымдарды әкетуге тыйым салуды алып тастап, оларды рұқсат беру тәртібіне ауыстыру туралы шешім қабылдады.

«Бұл қосымша 14 мың тоннадан астам дәнді дақылдар тұқымын алуға мүмкіндік берді. Қазақстандық аграршыларға дәнді дақылдар тұқымдарының келісімшарт жасалған партияларын алуға жол ашып, сорттық әлеуетті күшейтті, - деді Әбілхайыр Тамабек.

Вице-министрдің дерегінше, тұқым шаруашылығын қолдауға биыл жергілікті бюджеттерде 11,8 млрд теңге көзделген.

«Облыс әкімдіктерінің деректері бойынша биыл шамамен 670,2 мың тонна тыңайтқыш енгізу жоспарланған, бұл өткен жылмен салыстырғанда 43,7 мың тоннаға артық. Бүгінгі таңда тыңайтқыштарды жеткізуге 408,6 мың тонна көлемінде келісімшарт жасалды. Іс жүзінде барлық өңірде минералды тыңайтқыштарды жөнелту басталды, аграршыларға шамамен 308,1 мың тонна тыңайтқыш тиелді. Қоймалардағы қорлар, оның ішінде импорттық тыңайтқыштар қалыптасты», - деді ол.

Әбілхайыр Тамабектің айтуына қарағанда, фермерлер тыңайтқыштардың, оның ішінде отандық тыңайтқыштардың қымбаттығы мәселесін көтерді. Үкімет тиісті жұмыс жасаып, минералдық тыңайтқыштардың ірі өндірушісі - ҚазАзот компаниясы өндіретін аммиак селитрасының құнын тоннасына 200 мың теңгеден 160 мың теңгеге дейін төмендету туралы шешім қабылдады.

«Бұл ретте минералды тыңайтқыштарды сатып алуды субсидиялауға 38,4 млрд теңге, оның ішінде республикалық бюджеттен қосымша 11,6 млрд теңге бөлінгенін атап өту қажет. Яғни, сатып алынған тыңайтқыштар құнының 50 пайызын мемлекет өтейді», - деді вице-министр.


Автор:

Марлан Жиембай

Новости по теме
Ұқсас жаңалықтар
Серіктестер жаңалықтары