Ресейдегі көлік апатынан зардап шеккен қазақстандықтардың есімдері анықталды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ресейдегі жол-көлік апатынан зардап шеккен Қазақстан азаматтарының есімдері анықталды. Олар Оңтүстік Қазақстан облысының тұрғындары болып шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Соңғы мәліметтерге қарағанда, аталған ЖКО салдарынан қаза болғандардың саны 19 адамға жетті. Олардың арасында 47 жастаға Данияр Шілдебаев есімді Қазақстан азаматы да бар. Аман қалған автобустың екінші жүргізушісі 40 жастағы Нұрғали Сарманов та ОҚО тұрғыны.

ОҚО жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы мәліметінше, РФ Владимир облысында ірі жол апатына тап болған автобус ОҚО-дағы ешбір тасымалдаушы компанияға тіркелмеген.

«Ресейде апатқа ұшыраған автобусты аудандық және облыстық базалардан тексердік, бұл көлік бізде тіркелмеген. Алайда халықаралық көліктік тасымалдар біздің басқармаға тиесілі емес, яғни ҚР Инвестициялар және даму министрлігі құзырында», - деді ведомствоның бас маманы Асан Жұмабаев.

Алдын ала деректерге қарағанда, автобус жолаушыларды ОҚО Сарыағаш ауданы Дербісек ауылынан тасымалдаған.

Айта кетейік, Ресей Федерациясының Владимир облысында Қазақстаннан шыққан автобус жол апатына ұшырағаны туралы бұған дейін хабарлаған едік. Владимир облыстық ТЖМ-нің мәліметтеріне сүйенсек, апатқа ұшыраған автобуста 55 Өзбекстан азаматы және 2 жүргізушісі қазақстандық болған.

Соңғы жаңалықтар