Ресейдегі қазақстандықтар сайлауға белсенді қатысып жатыр

Фото: Фото: t.me/pressmfakz
МӘСКЕУ. ҚазАқпарат – Ресей аумағында жүрген отандастарымыз елшілікте ұйымдастырылған сайлау учаскелеріне келіп, белсенді түрде өз таңдауларын жасап жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ресейдегі Қазақстанның елшілігі жанындағы сайлау учаскесіне Мәскеу облысының Дубна қаласындағы Біріккен ядролық зерттеулер институтында жұмыс істейтін қазақстандық ғалымдар келді. Институт ұжымы сайлауда дауыс беру үшін автобуспен 100 шақырым жол жүріп өтті.

«Біріккен ядролық зерттеулер институтындағы диаспорада жүзге жуық адам бар. Олар жас ғалымдар, орташа жасы 28-де. Парламент - биліктің басты тармақтарының бірі. Біздің мүдделерімізді қорғайтын заң шығарушы орган. Сондықтан азаматтық ұстанымымызды білдіріп, дауыс беруге келдік», - деді Біріккен ядролық зерттеулер институтындағы ұлттық топтың ижетекшісі, Алматы қаласы Ядролық физика институтының аға ғылыми қызметкері Ержан Мұхамеджанов.

«Менің ойымша, әдеттегідей бәрі жақсы өтті. Ұйымдастыру деңгейі өте жоғары, елшілікке алғыс айтамыз», - деп толықтырды аға ғылыми қызметкер.

Ресей Федерациясының әскери жоғары оқу орындарында оқитын қазақстандық курсанттар елшіліктегі сайлау учаскесінде өз таңдауын жасады. Олардың арасында Ресей Федерациясы Қорғаныс министрлігі Әскери университетінің 1 курс курсанты Роман Юзвик бар.

Оның айтуынша, сайлау барлық қазақстандықтар үшін ерекше оқиға.

«Еліміздің болашақ дамуы үшін әр дауыс өте маңызды. Өзім елшіліктегі сайлау учаскесіне зор қуанышпен келдім. Отанымнан жырақ жүрсем де болашақ даму үшін дауыс беруге, азаматтық борышымды орындауға келдім», - деді курсант.


Соңғы жаңалықтар