Ресейдегі геосаяси оқиғалар Қазақстанға қалай әсер етті – Премьер-Министр

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Ресейге қатысты геосаяси жағдай мен оның елімізге әсері жөнінде пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ең біріншіден, Ресей біздің үлкен көрші мемлекет, біздің сауда-экономикалық серіктесіміз. Сондықтан біз бұл мемлекетпен әрі қарай ынтымақтастықты ұлғайтамыз. Бізде Ресеймен тарихи және сауда-экономикалық байланыстарымыз өте тығыз. Ресейде болған әртүрлі жағдай әрине, бізге өзінің әсерін тигізеді. Мысалы, биылғы жылдың басында геосаяси оқиғалар болды. Бұл мәселелер бізге тікелей әсерін тигізіп жатыр. Сондықтан біз тиісті дағдарысқа қарсы іс шаралар кешенін қабылдадық», - деді Үкімет басшысы Ұлттық арнадағы «Жаңа Қазақстан» бағдарламасында.

Премьердің айтуынша, Қазақстанның жыл соңына дейінгі нақты іс-шаралары бар. Ол жүйелі және жедел шаралар.

«Мысалы Ұлттық банкпен бірлескен шаралар шеңберінде біз теңгенің айырбас бағамын тұрақтандыру бойынша бірқатар шешім қабылдадық. Мысалы теңгелік депозиттерді қолдау, мемлекеттен шетел валютасын шығаруға шектеу қою, соның арқасында қазір өздеріңіз көріп отырсыздар, теңгенің айырбас бағамы салыстырмалы түрде тұрақты болып отыр. Инфляцияға қарсы кешенді шаралар жоспарын қабылдадық. Қазір инфляция барлық жерде байқалып отыр. Дегенмен біз күнделікті мониторинг жүргізіп, тиісті шараларды қабылдап жатырмыз», - деді Ә. Смайылов.

Сонымен бірге, Премьер-Министрдің айтуынша, сауда-саттыққа байланысты логистикалық мәселелер туындап жатыр.

«Соңғы бір мысал – КҚК мұнай құбыры бойынша Новоросийсктегі аудандық сот 5 шілде күні КҚК жұмысына бір айға шектеу қойды. 6 шілде күні біз ресейлік әріптесіміз – үкімет төрағасымен байланысып, сол күні мәселені шештік. КТК құбырының жұмысы штаттық режимде жүріп жатыр. Мұнай экспортына ешқандай шектеу қойылған жоқ. Сондай мәселелер күнделікті туындайды, біз бұл мәселелерді шешу үшін көршілес елдердің үкімет басшыларымен тығыз байланыстамыз, күнделікті проблемаларды жедел түрде шешуге шара қабылдаудамыз. Бұл – жедел шаралар», - деді ҚР Премьер-Министрі.





Фото: primeminister.kz



Соңғы жаңалықтар