Ресейде ұрланған көлік Көкшетаудан табылды

Фото: None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат – Ресейдің Оңтүстік-Сахалин қаласында жоғалған көлік Көкшетауда бейнебақылау камерасына түсіп қалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақмола облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, биылғы жылғы сәуірдің 22-сінде Көкшетау қаласында Жедел басқару орталығының қызметкерлері қауіпсіздік белдігін пайдаланбаған «Lexus LX570» көлігін анықтаған. Тәртіп бұзушылық туралы ақпарат бірден патрульдік полиция жасағына берілді. Нәтижесінде жол талғамайтын көлік Уәлиханов және Кенесары көшелерінің қиылысында тоқтатылды.

«Көлікті Көкшетау қаласының 37 жастағы тұрғыны басқарған. Оның құжаттарын тексеру барысында автокөлікті басқаруға азаматтық-құқықтық жауапкершілігі сақтандыру полисі болмағаны анықталды. Ведомстволық ақпараттық - іздестіру жүйелері бойынша одан әрі тексеру барысында жол талғамайтын көліктің 2018 жылғы 15 қаңтардан бері Ресей Федерациясы ІІМБ Оңтүстік-Сахалин қаласы аумағында ұрланғаны белгілі болды. Егжей-тегжейлі тексеру жүргізу және барлық мән-жайларды анықтау үшін көлік құралы сол күні айыппұл тұрағына қойылды», - деді ведомстводан.

Полиция департаментінің баспасөз қызметінен атап өткендей, жүргізушінің жеке басын тексеру кезінде оның бұрын автокөлікті заңсыз иемденгені және абайсызда адам өліміне әкеп соққан жол қозғалысы ережесінің бұзғаны үшін сотталғаны анықталды.

Айта кетсек, Көкшетауда оқушы психотропты дәрілерді жасырумен айналысқаны анықталған болатын.



Соңғы жаңалықтар