Ресейде тіркелген бір ғана көлік 5 млн теңгеге жол ережесін бұзған

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Ресейде есепте тұрған бір ғана көлік Алматы облысында 5 миллион теңгеден астам сомаға жол ережелерін бұзды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматы облысының аумағында орналасқан автоматты режимде жұмыс істейтін сертификатталған арнайы бақылау-өлшеу техникалық құралдары Қазақстан аумағында жол ережесін бұзған, уақытша тіркеуі және сақтандыру міндеттемесі жоқ шет мемлекеттердің нөмірімен жүрген 92 автокөлікті тіркеген.

Олардың айыппұлының жалпы сомасы 42 млн 442 мың 350 теңгеге жеткен.

«Мысалы, Ресей Федерациясының ВАЗ-2114 маркалы автокөлігінің қатысуымен жалпы сомасы 5 млн 817 мың теңгеге 184 әкімшілік құқық бұзушылық жасалды. ПД ӘПБ әкімшілік тәжірибе бөлімінің қызметкерлері аталған көлікті ұстап, Қаскелең қаласының арнайы автотұрағына қойды. Анықталған автокөліктің жүргізушісі ҚР ӘҚБтК 590-бабының 2-бөлігі (көлік құралын пайдалану ережелерін бұзу) бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды», – деп атап өтті Алматы облыстық полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасы әкімшілік іс-тәжірибе бөлімінің бастығы Саят Ибраимов.

Ұсталған бүкіл көліктерге жалпы сомасы 10 млн теңгеден астам айыппұл түріндегі әкімшілік жаза қолданылды.

Белгіленген тәртіпте тіркелмеген көліктерге ҚР ӘҚБтК 590-бабының 2-бөлігі бойынша қолданыстағы әкімшілік заңнамаға сәйкес әкімшілік шаралар қолданылады.


Соңғы жаңалықтар