Ресейде тау шаңғы базасында қар көшкіні жүрді

None
None
НОРИЛЬСК. ТАСС-ҚазАқпарат - Кеше Ресейдің Норильск деген қаласындағы тау шаңғысы кешенінде қар көшкіні жүріп, 300 шаршы метр аумақты қар басып қалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат ТАСС агенттігіне сілтеме жасап.

Құтқарушылар қар астынан 15 жасар жасөспірімді тауып алды, оның сүйектері сынған және денесі қатты мұздап қалған.

Жекеменшік туристік базаны басқаратын компанияның басқарма төрағасы Игорь Шаталов екі адамның өз бетінше қар астынан аман-есен шыққанын хабарлады.

Кейіннен қар астынан бір әйелдің денесі табылды.

Құтқарушылар қар астында қалған бір үйшіктің бөлігін тауып, аршуға кірісті. Ол үйде 4 адамнан тұратын бір отбасы болуы мүмкін.

Жергілікті биліктің мәліметінше, ТЖМ қызметкерлері қар астындағы адамдардың қайда екенін алдын ала анықтап алған. Қазір оқиға орнында ауа райы нашарлап кетті, сондықтан адамдарды іздеу қиынға соғып тұр.

Қар көшкіні болған жерде 200 адам мен 18 техника жұмыс істеп жатыр.

РФ Тергеу комитеті төтенше оқиғадан кейін қылмыстық іс қозғады.

Оқиға орнында әлі де қар көшкінінің жалғасу қаупі бар.


Соңғы жаңалықтар