Валюта бағамдары:
    usd/kzt 465.95 eur/kzt 485.43

    rub/kzt 7.72 cny/kzt 65.28
Ауа райы:
Нұр-Сұлтан: +2+4℃
  Jańalyqtar  >

Ресейде Роза Бағланованың 100 жылдығына арналған мерекелік іс-шаралар өтіп жатыр

2022 жылғы 14 қыркүйек, 16:30

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Биыл әлемге әйгілі әнші Роза Бағланованың 100 жылдық мерейтойы атап өтілуде. Осы датаға орай елде ауқымды іс - шаралар-концерттер, көрмелер, оған арналған фильмдердің таныстырылымы мен көрсетілімі т.б. көрермен назарына ұсынылып келеді.

Халықтың сүйікті әншісінің мерейтойы Ресейде де тойланып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бүгін Ресей астанасы Мәскеу қаласында фотокөрме ашылып мерекелік концерт өтті. Іс-шараға Қазақстанның мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев, зиялы қауым мен қазақ диаспорасының өкілдері қатысты.

«Осындай ірі іс-шаралар Қазақстанда ғана емес, басқа елдерде де өткізіліп жатқаны қуантады. Мұндағы фотосуреттердің әрқайсысы Роза Бағланованың мағыналы өмірінің жарқын сәттерін ғана емес, сонымен бірге бүкіл дәуірдің өрлеуін де бейнелейді», - деді министр Дәурен Абаев халық шаруашылығы жетістіктерінің көрмесі алаңында өткен көрменің ашылуы аясында.

Фотокөрмеде артистің өмірі мен шығармашылығының әртүрлі қырын танытатын 30-дан астам бірегей фотосурет қойылған. Көрме 7 бөлімнен тұрады: «Бірінші Роза», «Соғыс жылдарындағы ерлік пен даңқ», «Шығармашылық шыңы», «Әр ән — жауһар», «Бүкіл әлемді жаулап алған Роза», «Қоғамдық-саяси қызмет» және «Халық сүйіспеншілігіне бөленген жарқын өмір».

Дәурен Абаевтың айтуынша, әншінің 100 жылдығы ЮНЕСКО-ның атаулы күндер күнтізбесіне енген, ал қазан айында ұйымның штаб-пәтерінде Р.Бағланованың құрметіне үлкен концерт жоспарланған. Сондай-ақ, қараша айында Қазақстан астанасында халықаралық вокалистер байқауы өтеді.

«Роза Бағланова - дәуір символы және халықтың сүйіктісі. Қазалы өңірінен шыққан тума таланттың қазақ халқының музыкасы мен Қазақстан композиторларының шығармашылығын елімізден тысқары жерлерге танымал етуге және танытуға қосқан зор үлесін айтпай кету мүмкін емес. Роза Бағланова Екінші Дүниежүзілік соғыс жылдарында концерттік бригада құрамында қызыл армия жауынгерлерінің алдында ән айтып, майдан даласынан жараланғандарды алып шықты. Бейбіт уақытта да Роза Тәжібайқызы бүкіл әлемге концерттермен өнер көрсетті, қоғамдық істермен белсенді айналысты, қайырымдылық шараларына қатысты», — деп атап өтті Дәурен Абаев мерекелік концертте.

Айта кетейік, концерттік бағдарлама аясында Роза Рымбаева, Айгүл Үлкенбаева, Мәдина Сәдуақасова, Руһия Байдүкенова және басқа да отандық танымал артистер өнер көрсетті.


Фото: gov.kz


Новости по теме
Серіктестер жаңалықтары