Ресейде ондаған адам уланған «Мистер Сидр» ішімдігі Қазақстан аумағына әкелінбеген

None
Фото: Ресей Ішкі істер министрлігінің Ульяновск облысы бойынша баспасөз қызметі / ТАСС
АСТАНА. ҚазАқпарат - Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті Мемкірістер комитеті мәліметіне сүйене отырып, Ресейде өндірілетін «Мистер Сидр» алкоголі аз сусыны Қазақстан аумағына әкелінбегенін, есепке алу-бақылау маркасы берілмегенін мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Сонымен бірге комитеттің аумақтық департаменттеріне жеткізушілерден өнімнің қауіпсіздігін растайтын сәйкестікті бағалау құжатын талап ету, алкоголь импорттаушылар мен өткізушілерді ақпараттандыру тапсырылды.

Бұқаралық ақпарат құралдарында тараған ақпаратқа сәйкес, сусынның құрамында адамның өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін метанол мен этилбутират бар, өнім заңсыз айналымда болған.

Еске сала кетейік, соңғы бірнеше күн бойы Ресейдің Самара қаласында орналасқан «АНДИ» жауапкершілігі шектеулі қоғамы өндіретін «Мистер Сидр» деп аталатын сусынды ішкендер жаппай уланды.

Кеше аталған ішімдіктен уланып, көз жұмғандар саны 32-ге жетті. Жалпы 90 адам қазір ауруханада жатыр, оның отызының жағдайы өте ауыр.

Кеше комитет «Мистер Сидр» ішімдігінің Қазақстанда сатылымнан алынатынын хабарлаған еді.


Соңғы жаңалықтар