Ресейде қалып қойған қазақстандық жүктің Еуропаға қалай жеткізілетіні белгілі болды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Мәжіліс өкілдерінің депутаттық сауалына жолдаған жауабында Ресейде қалып қойған тауарлар Еуропаға қалай шығарылатынын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қалыптасып отырған геосаяси шиеленіс жаһандық жеткізілім тізбегіне әсер етіп, шикізат пен тауарлар бағасының өсуін, өңірдегі тасымал дәліздерінің өзгеруін қамтитын көптеген проблемаларды туғызады. Экономика мен бизнесте туындайтын проблемаларды шешу мақсатында Үкімет дағдарысқа қарсы шаралар жөніндегі жедел штаб құрды. Оның отырыстары аясында шет елдерге жүктерді тасымалдау мәселелері қаралды. Қазақстанның көлік логистикасын әртараптандыруға қатысты Еуропаға жүктерді үздіксіз тасымалдауды қамтамасыз ету үшін Транскаспий халықаралық көлік маршруты арқылы тасымалдау көлемін ұлғайту жұмысы жүріп жатыр», - деп жазады Үкімет басшысы.

Яғни, Ақтау, Құрық, Баку, Батуми, Поти аралығын жалғайтын теңіз порттарының қуаты осы бағытта шамамен 7 млн тонна жүк өткізуге мүмкіндік бермек.

«Сонымен қатар Қазақстан мен Латвияның көлік ведомстволары арасында Ресей аумағында қалып қойған қазақстандық жүкті Рига және Вентспилс порттары арқылы Еуропаға тасымалдау туралы келіссөз жүргізілді. Бұл ретте Латвия тарапы алдағы уақытта өз порттарының қазақстандық транзиттік жүктерді қабылдап, өткізу қабілеті айтарлықтай жоғары деңгейде екенін хабарлады», - деп жазылған жауапта.

Айта кетейік, Грузия, Әзербайжан, Түркия және Қазақстан арасындағы Middle Corridor бірлескен кәсіпорны әзірленіп жатыр.

Ол 2023 жылдың басында немесе ортасында ресми дайын болуы мүмкін.


Соңғы жаңалықтар