Ресейде іздеуде болған екі көлік Шығыс Қазақстаннан табылды

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысының полиция қызметкерлері Ресейде іздеуде болған екі көлікті анықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, 11-17 қазан аралығында өңір аумағында қылмысқа қарсы күрестің бірлескен шараларының мемлекетаралық бағдарламасы шеңберінде арнайы жедел алдын алу шарасы жүргізіліп жатыр.

Мұндағы мақсат – ұрлықты ашу және автокөлікті айдап әкетумен айналысатын халықаралық қылмыстық топтардың жолын кесу.

«Шараның екі күнінде көлікті айдап әкетудің 3 фактісі тіркелді. Оның ішінде бұрын жасалған 2 қылмыс ашылған. Барлық істер бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде», - деп хабарлады ведомство өкілдері.

Бұдан бөлек, тәртіп сақшылары ұрланған автокөліктер мен қосалқы бөлшектерді өткізу орындарын тексеріп жатыр.

Соның нәтижесінде Ресей Федерациясында іздеуде болған 2 автомашина анықталды.

Аталған көліктер айыппұл тұрағына қойылып, тиісті сараптамалар тағайындалды.



Соңғы жаңалықтар