Ресейде Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан қазақ жауынгерінің сүйегі табылды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - 16 желтоқсанда Ресейдің Ленинград облысы, Любань қаласындағы «TIGODA 47» жедел-іздестіру тобы Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде қаза тапқан Қызыл Армияның 15 жауынгерінің сүйектерін тапқан. Сүйек қалдықтарының жанынан жауынгерлердің жеке заттары, жарылғыш снаряд, оқ-дәрілермен медальондар алынған. Аталған медальонның бірі қазақ солдаты Ахан Мақатаевқа тиесілі екені анықталған. Бұл туралы ҚазАқпарат «Atamnyń amanaty» қоғамдық бірлестігіне сілтеме жасап хабарлайды.

Айта кетерлігі, табылған жауынгерлер сүйегі туралы жергілікті газеттер де жазған.

Мақаладан бөлек әлеуметтік желіде де ақпараттар тараған. «Біз Махаевтің (тегі дұрыс болмауы мүмкін, оқылуы қиын) туыстарын және онымен бірге соғысқа қатысуы мүмкін сарбаздар туралы ақпаратты іздестірудеміз», - деп еріктілердің бірі Константин Грачев «VK» әлеуметтік желісіне жазған. Ол «Atamnyń amanaty» бірлестігіне де өтініш қалдырған екен.

Бұны көрген қоғамдық бірлестіктің белсендісі Күлян Нұрмұхамбетова іздеу шараларына кіріскен.

«Жұмыс барысында Махаев Ахат немесе Ахан емес, Семей облысының тумасы Мақатаев Ахан екені бірден анықталды. Кеше, 22 желтоқсан күні Қазақстан уақыты бойынша түнгі 23.00-ден кете талдау нәтижесі белгілі болып, Күлян Нұрмұхамбетованың нұсқасын экспертиза растады. Осылайша жауынгер қазақ бабамыз болып шықты»—, делінген «Atamnyń amanaty» ұйымының баспасөз қызметі.

«Мен анықтадым. Тағы бір қазақ жауынгер отбасына қайта оралады. Расталды!», - деп жазған Күлән Нұрмұхаметова.

Жауынгер Ахан Мақатаевтың туысқандары да табылған.



Авторы: Риза Ысқақ


Соңғы жаңалықтар