Ресейде бір тәулікте 6 537 адамнан коронавирус табылды

None
None
МӘСКЕУ. ҚазАқпарат – Ресей коронавируспен күрес жедел штабының мәліметінше, бүгінгі күні 85 өңірдің тек 8-і ғана шектеудің үшінші кезеңіне көшкен. Ресейдің басқа аймақтарында қатаң шектеу шаралары сақталған деп хабарлайды ҚазАқпараттың Мәскеудегі меншікті тілшісі.

Кезеңге қарамастан, барлық аймақта қоғамдық орында әлеуметтік қашықтық сақтау талап етіледі.

Ресей Денсаулық сақтау министрлігінің бас инфекционисі, профессор Владимир Чуланов КВИ екінші толқынына алдын алу шараларын сақтау – маска тағу, қолды жиі жуу, әлеуметтік қашықтық сақтау және науқастанған адамдардың оқшаулануы кедергі болады деп есептейді. Сонымен қатар кез келген адам көп жиналған жер – вирустың таралу ошағы. Бұл туралы РФ Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

В.Чулановтың пікірінше, алдын алу шараларының арқасында РФ-ғы жеке субъектілердегі коронавирус індетінің таралуы азайды, бірақ жағдай кез келген уақытта өзгеруі мүмкін.

«Мұны бір шайқастағы кішігірім жеңіс деп айтуға болады, бірақ соғыс әлі аяқталған жоқ. Біз күнде жаңа вирус жұқтыру оқиғаларын тіркеп жатырмыз, кей аймақтарда індет өршіп тұр, яғни инфекцияның таралу қаупі сақталады. Оң өзгерісті сақтап қалу үшін қарапайым сақтық ережелерін орындау қажет. Оның негізгісі – қоғамдық орында маска тағу», - деп атап өтті ол.

Роспотребнадзордың дерегінше, қазіргі күні Ресейдің 85 өңірінде 733 699 вирус жұқтыру оқиғасы тіркелді, оның ішінде 6 537 адамнан вирус соңғы тәулікте анықталған. Жалпы инфекциядан 11 439 науқас қайтыс болып, 504 021 адам жазылып шықты. Сырқатқа шалдыққандар саны Мәскеу мен Санкт-Петербургте күн сайын өсіп жатыр.

Ресейде вирус жұқтырғандар саны бойынша ел астанасы көш бастап тұр. Мұнда 230 029 адам инфекция жұқтырған.


Соңғы жаңалықтар