Ресейде 20 шақты адам қолдан жасалған ішімдіктен уланып өлді

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Ресейдің Нижний Новгород, Самара және Ульяновск облыстарында суррогат алкоголь өнімінен улану салдарынан 20-ға жуық адам қайтыс болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат ТАСС агенттігіне сілтеме жасап.

Алдын ала мәлімет бойынша, төтенше жағдайдың орын алуына Самара қаласында өндірілген «Мистер сидр» сусындары себеп болған.

Роспотребнадзор басшысы Анна Попова бұл өнімді сатылымнан алып тастауды тапсырды.

Суррогат алкогольден уланудың алғашқы фактілері Нижегород облысында тіркелді.

Ульянов облысында 16 адам қайтыс болды. Аймақ басшысы Алексей Русских облыста барлығы 40 адам уланғанын мәлімдеді.

Димитровград басшысы Андрей Большаков өңірде суррогат алкогольден зардап шеккендер саны 28 адамға дейін өскенін хабарлады.

Самара облысының Новокуйбышевскінде сидр ішіп уланған екі әйел қайтыс болды.

Кейіннен Денсаулық сақтау министрлігі өңірлік бөлімшесінің баспасөз қызметінен жалпы жеті адамның ауруханаға жатқызылғаны хабарланды.

Удмуртияда алкогольден уланудың екі оқиғасы тіркелген. Уланған ер адам мен әйелдің жағдайы өте ауыр.

Тергеу уланғандардың барлығы «Мистер сидр» сусынын ішкенін анықтады. Жұрт бұл сусынды «Территория пива» және «Бир хаус» желілерінен құйғызып сатып алған.

Ульянов губернаторы төтенше жағдайдың орын алуына себеп болған алкоголь құрамында метанол болғанын мәлімдеді.

Аталған жағдай бойынша тиісті тергеу амалдары басталды. Өнімді жеткізген жеке кәсіпкер ұсталды.


Соңғы жаңалықтар