Ресей жерінде қаза тапқан жауынгер ақынның басына ұрпақтары барып қайтты

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Ресей жерінде қаза тапқан жауынгер ақын Құбайыс Қаратаевтың басына ұрпақтары барып қайтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақынның немересі Ержан Қаратаевтың айтуынша, атасының нақты қай жерде жерленгені көпке дейін белгісіз болып келген.
Батыс Қазақстан өңіріне соғысқа дейін ақындығымен белгілі болған Құбайыс Қаратаев тегін жанның перзенті емес-ті. Қаратөбе ауданы Батпақкөл ауылында дүниеге келген әкесі, қазіргі таңда Үшанада бейіті жатқан Сартай Көшкіншіұлы атақты ақын, жыршы еді. Сартайдың жыр-термелерін өнерпаздар осы күнге дейін орындап келеді.

Құбайыстың Қаратаев, Қаратайұлы атануының өзіндік сыры бар. Сартай ағасы Қаратай батырдың жалғыз ұлы қайтқаннан кейін Құбайысты бауырына берген.

Осындай ортада өскен Құбайыс Қаратаев (1903-1943) ақындығына қоса көзі ашық, сауатты адам болған.

Өз қолымен орыс тілінде жазған өмірбаянында Құбайыс ауылда, кейін Орынбордағы аймақтық милиция мектебінде оқығандығын келтіреді. Қол қоюына қарағанда, оның араб қарпін жете меңгергені аңғарылады. Араб, латын қарпімен жазылған көптеген қолжазбалары болған.

Колхоз басқарып, милиция мектебін бітіргеннен кейін Солтүстік Қазақстан, Қарағанды облыстарында жұмыс жасап қайтады. Алайда отызыншы жылдардағы зобалаң кезінде әділетсіздікке шыдай алмай, басқа салаға ауысып кетеді. Есеп-санақ, қаржы өз алдына, аудандық газетте, мәдениет бөлімінде қызмет атқарды.

-1938 жылы мамыр айында Қазақстанның халық ақыны Жамбыл Жабаевтың 75 жасқа толуына орай арнайы шақырумен халық ақындарының республикалық слетіне барады. Сол слетте екінші орынға ие болып, Жамбылдың қолынан домбыра алады. Ол домбыра ұрпақтарының қолында әлі сақтаулы, - дейді Ержан Қаратаев.

Басшылық қызмет атқарғандықтан, броны болғанына қарамастан, Құбайыс Қаратаев 1941 жылдың желтоқсанында өзі сұранып, майданға кетеді. Саяси жетекшілердің үш айлық курсын бітірген лейтенант Қ.Қаратаев 1943 жылдың наурызында қаза табады. Жары Айсұлу 22 жасында Күләш (қазір Теректі ауданы Шаған ауылында тұрады), Жанғали және Біржан есімді үш баласымен жесір қалады. Өзімен бірге ала кеткен домбырасы кейін иесіз елге оралады.



«Әкем Жанғали мен Біржан атамның қай жерде жерленгенін біле алмай, елу жастарында өмірден озды. Арманда кетті. Тіпті кітаптар мен өмірбаяндық деректерде Құбайыс Қаратаев Сталинград түбіндегі шайқаста қаза тапты делініп келді. Осыдан үш жыл бұрын атам туралы әуелі «Мемориал» сайтынан іздестіріп көргенмен, одан таба алмадым. Содан кейін Петропавл қаласындағы «Саланг» іздестіру тобының жетекшісі Александр Азековқа хабарласып, өзім білетін барлық деректерді бердім. Ол Елена Анатольевна Тренероваға тапсырды. Сөйтсек, барлық құжаттарда Құбайыс Қаратаев болғанымен, қайтқанда Кубаж Коратаев болып жазылып кеткен екен. Ақырында атамның Новгород облысы Парфин ауданы Ивашово деревнясында жерленгені анықталды. Ол 1943 жылы наурыз айында госпитальға түсіп, 10-ы күні қайтыс болған екен. Госпитальда қайтқандар бөлек жерленген. Біздің қозғау салуымызбен тізімдегі Қ.Қаратаевтың аты-жөні жөнделіп жазылды. Бабамыздың басына Сартайдың інісі Райыстың ұлы Ерген, атамның жиені Құмар, Біржаннан туған інім Қуатпен бірге барып қайттық. Туған жердің бір уыс топырағын апарып, дұға бағыштадық. Атамыз Қостанай қаласында құрылған 151-атқыштар бригадасы құрамында кескілескен ұрыстарға қатысқан, рота командирі болған. Қазақстанда құрылғаннан кейін бригадада қазақтардың аз болмағаны түсінікті. Сол маңда жерленгендер арасында қазақтар өте көп, олардың белгісіз күйінде жатқаны қаншама. Ясная Полянада 30 мың адам жерленсе, соның тек 2 мыңының ғана аты-жөні анықталған екен. Оба көп, мысалы, біреуінде 7072 сарбаз жерленген. Сол маңдағы адам шығыны Сталинград шайқасынан кем еместігін бізге қарсы алушылар айтты. Айнала орман, соғыс іздері әлі сайрап жатыр. Солтүстікқазақстандық «Саланг» сияқты іздестіру топтары Ақтөбе, Оралдан да барып, өз жұмыстарын жалғастыруда. Осылайша Оралдан 2 мың шақырымдай жол жүріп, қасиетті Рамазан айы қарсаңында атамызға тағзым етіп қайттық», деді ҚазАқпарат тілшісіне Ержан Қаратаев.

Еске сала кетейік, ақын Құбайыс Қаратаев туралы бұдан бұрын да жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар