Ресей және Қытаймен шекаралас алаңдарда жаңа қорғасын-мырыш кен орындары ашылуы мүмкін
2022 жылғы 19 мамыр 10:52

Ресей және Қытаймен шекаралас алаңдарда жаңа қорғасын-мырыш кен орындары ашылуы мүмкін

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі, Геология комитетінің төрағасы Талғат Сатиевтің айтуынша, Ресей және Қытаймен шекаралас алаңдарда жаңа қорғасын-мырыш кен орындары ашылуы мүмкін, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бұл ретте, Қазақстанда жаңа кен орындарын ашу үшін айтарлықтай перспективалар бар. Ақмола және Қостанай облыстарының, орталық, шығыс және оңтүстік өңірлердің алаңдарында алтынның кен орындары бар. Орталық және Оңтүстік Қазақстанда, Кенді Алтайда, сондай-ақ Ресей және Қытаймен шекаралас алаңдарда жаңа қорғасын-мырыш кен орындары ашылуы мүмкін», - деді комитет төрағасы орталық коммуникациялар қызметінде өтіп жатқан брифингіде.

Оның сөзіне қарағанда елімізде вольфрам, молибден, алюминий, қалайы сияқты сирек кездесетін пайдалы қазбалардың жаңа кен орындарын ашу перспективалары бар.

«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2021-2025 жылдарға арналған «Геология саласын дамыту» бағытын қамтитын «Қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған орнықты экономикалық өсу» ұлттық жобасы қабылданды. Оның аясында зерттеулердің жалпы ауданы 2026 жылға қарай 680 мың шаршы шақырымнан асады», - деді Талғат Сатиев.

Бұған дейін жазғанымыздай, Қазақстанда геологиялық мәлімет жинақталған ақпараттық жүйе құрылады.



Jańalyqtar

MURAǴAT