Ресей СҚО-дан әкелінетін құс өнімдеріне уақытша шектеуді алды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Ресей Федерациясы Солтүстік Қазақстан облысынан экспортталатын құс пен инкубациялық жұмыртқаға уақытша шектеуді алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өңірлік кәсіпкерлер палатасы баспасөз қызметінің мәліметінше, Солтүстік Қазақстан облысының 5 құс фабрикасы 3 маусымнан бастап Ресейге өнімдерін қайтадана экспорттай алады.

Айыртау ауданы Елецк ауылдық округінде Ньюкасл ауруының табылуына байланысты көрші мемлекет былтыр 26 қыркүйектен бастап шекарадан құс пен инкубациялық жұмыртқаны өткізуге уақытша тыйым салған еді. Сондай-ақ құстарға арналған азық-жемнің кей түрін, құстарға арналған қондырғылар мен тірі құсты Ресейге өткізу шектелді.

«Өңірдің кәсіпкерлері шамамен 8 ай бойы Ресей мемлекетінің нарығына шыға алмады. Эпизоотикалық жағдайдың жақсаруына байланысты, облыста кешенді ветеринарлық іс-шаралардың жүргізіліп, аймақтандыру және сауықтыру бағдарламаларының енгізілуіне байланысты «Россельхознадзор» (Ресейдің ветернианлық және фитосанитарлық қадағалау жөніндегі федеральдық қызметі) 3 маусымнан бастап СҚО-дан әкелінетін құс пен құс өнімдеріне шектеуді алып тастады», - дейді СҚО Кәсіпкерлер палатасының бөлім басшысы Бауыржан Ахметаев.

Мамандардың айтуынша, қазір облыста 7 құс фабрикасы бар. Олардың бесеуі өз өнімдерін, нақтырақ айтқанда жұмыртқаны Ресейге сатады. Соңғы үш жылда жұмыртқа экспорты жылына 11,7 млн-нан 33 млн данаға жеткен. 2018 жылдың алты айында 442 млн теңгенің 27 млн дана жұмыртқасы көрші елге шығарылған. Сарапшылардың есептеуінше «Россельхознадзордың» шектеуінен кейін биыл жарты жылдың ішінде жергілікті кәсіпкерлерге жарты млрд теңге шығын келген.

Соңғы жаңалықтар