Ресей мұрағатында өлілердің қатарында тіркелген қазақстандық ҰОС ардагері 93-ке келген туған күнін тойлауда

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Мәскеу облысы Подольск қаласының мұрағатында «қаза болғандардың» тізіміне тұрған Құрмантай Бақбергенов бүгінде 93-ке келген туған күнін тойлауда.

Ол тіпті «өлгеннен» кейін «Ерлігі үшін» медалімен марапатталған. Қария өз өмірі жайлы былай сабақтады:

«Мен интернатта жүргенде 18 жасымда әскер қатарына шақырылдым. Бойым аласа болған соң мені әскер қатарына қабылдамады. Өзімнің алғырлығымның арқасында майданға аттандым. Молдавиядағы Кутузовтың 98-ші әуе-десанттық дивизиясында нұсқаушы-парашютист ретінде Отан қорғадым. Майданда 10 рет ұрыс тапсырмасына қатыстым. Бірінші ұрыста 12 ұшқышты жіберді, солардың ішінде 3-уіміз ғана тірі қайттық. Бірақ, штаб басшысын дін-аман діттеген жеріне жеткіздік. Сол үшін мен екі дәрежелі «Даңқ» орденімен марапатталдым, - деді ол. Ардагердің айтуынша, ата-анасы мен 2 бауыры 1932 жылғы аштықта қаза болған. «Біз бір атадан бес ұл едік. Менің ағаларым да майданда туған жерін қорғап жүріп қаза болды. Бір ағам Брестіні қорғап, екіншісі Сталинградты қорғау жолында құрбан болды. Мені Алматы қаласындағы балар үйі аштықтан үзілгелі тұрған кезде қорғап қалды», - деп сабақтады әңгімесін ардагер. Ол соғыстан кейін Томск педагогикалық институтын жағрафия мамандығы бойынша әрі Алматыдағы музыкалық училищені труба класы бойынша тәмамдап шығып, еңбек майданында да қажырлы еңбек еткен.

Ардагер қазір үш баласы мен 89 жастағы жарының қасында бақытты ғұмыр кешуде. Миуалы бәйтерек сынды 18 немере, 17 шөбере тәрбиелеп отырған қария өзінің мәнді өмірін мақтаныш тұтатынын жасырмады.

«Жеңістің 65 жылдығы қарсаңында ұйымдастырылған шеруде мен Кеңес Одағының екі мәрте батыры, ұшқыш Талғат Бигельдиновтың қасында тұрдым. Қасымызға келген Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев бізге сіңірген еңбегіміз үшін алғыс айтып, қолымызды қысты. Бұл мен үшін үлкен мәртебе. Мен - бақытты адаммын», - деді ардагер.

Соңғы жаңалықтар