Ресей мен Беларусьқа экспорттауға тыйым салынған тауарлардың нұсқаулығы шықты

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Ресей мен Беларусьқа эскпорттауға және импорттауға тыйым салынған тауарлардың нұсқаулығы шықты. Бұл туралы өзінің Facebook парақшасында ҚР Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов жазды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Оның жазуынша, Ресей мен Беларусьқа бірқатар елдің санкция енгізуінен кейін кәсіпкерлер көптеген мәселелерге тап болып отыр. Мәселен, белгілі бір өнім немесе банкке санкция енгізілуі мүмкін деген сияқты т.б. Бұл мәселе тек осы елдерге қазақстандық өнімдерді экспорттауда ғана емес, жалпы өзекті болып отыр.

«Біз бүкіл әлеммен еркін сауда жасаймыз, ал бірыңғай кедендік аймақ жағдайында тауарлар ағыны барынша жеңілдетілген. Сондай-ақ, Қазақстан арқылы Ресей мен Беларусь елдеріне бағытталған тауарлар көптеп келеді. Ендігі міндетіміз – реэкспорт қаупіне байланысты санкция салған елдердің «ерекше назарына» түсіп қалмау.

Сондықтан, кәсіпкерлерге ыңғайлы болу үшін Премьер-Министрдің төрағалығымен Жедел штаб бизнеске арналған «нұсқаулықты» құру туралы шешім қабылдады: мемлекеттік органдардың ресми сайттарынан бір сайтта – http://sanction2022.kz/main – Ресей Федерациясы мен Беларусь Республикасына экспорттауға және импорттауға тыйым салынған тауарлардың толық тізімін жинадық»,-дейді министр.

Оның айтуынша, жаңа деректер пайда болған кезде ақпарат жаңартылып отырады. Сонымен қатар сайтта елдердегі геосаяси тәуекелдердің жоғары екенін ескере отырып, нарығынан кетуге шешім қабылдаған халықаралық компаниялардың тізімі жарияланған.

Бұл компанияларды Қазақстанға тарту туралы мәселеге келсек, Қазақстан посткеңестік кеңістіктегі бизнес ашу және оны жүргізуге ең қолайлы аймақтардың бірі болып табылады.

«Бұл өз кезегінде нақты секторда инвестициялардың өсуіне және жаңа өндірістердің ашылуына ықпал етеді. Ал бұл Мемлекет басшысының үкімет алдына қойған негізгі міндеттерінің бірі. Сондықтан Қазақстанда өз өндірісін ашқысы келетін кез келген компания инвесторлар үшін қолжетімді жеңілдіктердің толық спектрін пайдалана алады»,-делінген Бақыт Сұлтановтың жазбасында.


Соңғы жаңалықтар