Ресей қазақстандық мұнайдың Германияға транзитін қолдауға дайын

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазТрансОйл» АҚ 2023 жылы Германияға 1,2 млн тонна қазақстандық мұнайды жеткізу үшін «Транснефть» компаниясына өтінім берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат қазақстандық компанияның сайтына сілтеме жасап.

«ҚазТрансОйл» АҚ 2023 жылы 1,2 млн тонна Қазақстан мұнайын «Транснефть» ЖАҚ магистралды мұнай құбырымен «Адамова застава» мұнай бекеті арқылы Германияға жеткізуге өтінім берді.

Мұнайдың бұл транзиті Қазақстан мен Ресей үкіметі арасындағы 2002 жылғы 7 маусымдағы келісім шеңберінде жүзеге асады.

«Айта кету керек, қазақстандық мұнайды Беларусь аумағы арқылы тасымалдау үшін «ҚазТрансОйл» АҚ мен «Гомельтранснефть Дружба» ААҚ арасында мұнай тасымалдау бойынша қызмет көрсетуге шарт жасалып, іске асып жатыр» делінген баспасөз қызметінің хабарламасында.

Ресей Қазақстанның «Дружба» құбыры арқылы Германияға мұнай транзитін қолдауға дайын.

Бұл туралы ТАСС агенттігіне Ресей вице-премьері Александр Новак мәлім еткен.

«Иә, - деді ол осы сұраққа жауап беріп. - Біз бұған оң қараймыз».

Deutsche Welle Қазақстанның Германия шығысындағы Шведт мұнай өңдеу зауытына «Дружба» құбыры арқылы жеткізілетін мұнайды ұлғайтқысы келетінін жазады.

Шведтегі МӨЗ «Дружба» құбырына қосылған, сол арқылы Ресейдің «Роснефть» мемлекеттік концернінен мұнай алады.

Үш мыңға жуық адам жұмыс істейтін Шведт зауыты Германияның шығысын бензинмен және басқа отынмен қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады.

Ол сондай-ақ Польшаның кейбір батыс аудандарын және Берлин-Бранденбург әуежайын жанармаймен қамтамасыз етеді. Кәсіпорын акцияларының көпшілігі «Роснефть» концерніне тиесілі болды.

Қараша айында бұл зауыт Германияға сенімгерлік басқаруға берілді.

Еске сала кетейік, бұған дейін «ҚазМұнайГаз» басшысы Мағзұм Мырзағалиев қазақстандық мұнайды Германияға экспорттау мәселесі бойынша келіссөз жүргізген болатын.

ҚМГ басшысы Қазақстан мұнайын аталған мұнай құбыры арқылы Германияға экспорттау мүмкін екенін, алайда келісімшарт және техникалық мәселелерді шешу қажеттігін атап өтті.

«ҚМГ мұнай өндіруші ұйымдарының шикізаты Қазақстанның ішкі нарығына мұнай өнімдерін жеткізу міндеттемесін орындау үшін отандық мұнай өңдеу зауыттарына жіберіледі. Ал ҚМГ мұнайының экспортқа шығатын көлемі бірыңғай жүйелік трейдер — KMG Trading мекенжайына жеткізіледі, ол алдымен «ҚазМұнайГаздың» Румыниядағы мұнай өңдеу зауыттарының қажеттілігін өтейді. Экспортқа арналған мұнайдың қалған көлемі ұзақмерзімді келісімшарт бойынша сатылады. Сонымен қатар, «ҚазМұнайГаз» ҚР Президентінің тапсырмасына сәйкес, Германияға сынақ ретінде мұнай партиясын 2023 жылдың қаңтар айында жөнелту мүмкіндігін қарастырып жатыр», - деді М.Мырзағалиев.

Сондай-ақ «ҚазМұнайГаз» Қазақстаннан Германияға мұнай жеткізу үшін қандай бағыттар қарастырылып жатқанын айтты.


Соңғы жаңалықтар