Ресей еуробондтар бойынша дефолтқа ұшырады
2022 жылғы 28 маусым 13:52

Ресей еуробондтар бойынша дефолтқа ұшырады

МӘСКЕУ. ТАСС-ҚазАқпарат - Moody's агенттігі Ресейдің сыртқы қарыз міндеттемелерін орындамағаны туралы хабарлады. Бұл туралы халықаралық рейтинг агенттігінің сайтындағы хабарламада айтылған, деп жазады ҚазАқпарат ТАСС ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.

«27 маусымда Ресейдің егемендік қарызын ұстаушылар еурооблигациялар шығарылымы бойынша («Ресей-26» және «Ресей-36» - ТАСС) 30 күндік жеңілдікті кезең аяқталғанға дейін 100 миллион доллар көлеміндегі купондық төлемдерді алған жоқ. Бұл біздің анықтамамыз бойынша дефолтты білдіреді», - деп келтіреді ТАСС рейтинг агенттігінің жазбасын.

Өткен айда АҚШ Ресейге сыртқы қарызына қызмет көрсетуге төлем жасауға мүмкіндік беретін бас лицензияны ұзартқан жоқ. Осылайша, Ресей қарызды өтеу үшін өткен аптада мұндай төлемдерді жүзеге асыруға мүмкіндік беретін жаңа механизмді қолдана отырып, алғаш рет рубльдегі еурооблигациялар бойынша міндеттемелерін орындады.

Ресей Қаржы министрі Антон Силуановтың бейсенбі күні атап өткеніндей, бұл сыртқы қарыз бойынша дефолтқа ұшырауды білдірмейді - кредиторлардың Мәскеу өз міндеттемелерін дұрыс орындамай жатыр деп пайымдауға негіз жоқ, өйткені Ресей форс-мажорлық жағдайда кредит берушілердің өз қарыздарын алуы үшін бәрін жасап отыр.

Силуановтың айтуынша, АҚШ пен Еуроодақ Ресейдің сыртқы қарызына «дефолт» белгісін қою үшін оған қызмет көрсетуге жасанды кедергілер жасауда.

Өз кезегінде Moody's болашақ купондық төлемдер бойынша дефолтты жоққа шығармайды.

«Ресей Президентінің 22 маусымдағы жарлығымен сыртқы қарызды рубльмен төлеу тәртібі енгізілді. Біз шарттық талаптарға сәйкес мұндай номинацияға жол бермейтін облигациялар үшін рубльдегі төлемдерді дефолт ретінде қарастырамыз деп ойладық», - делінген ТАСС келтіріп отырған Moody's мәлімдемесінде.

Онда Ресейдің 2018 жылдан кейін шығарған еуробондтарды белгілі бір шарттарда рубльмен өтеуге мүмкіндік беретінін қосты. Дегенмен, 2018 жылға дейін шығарылған еурооблигациялар бұл ережені қамтымайды немесе тек доллар, еуро, фунт стерлинг, швейцариялық франк сияқты валютада өтеуге рұқсат береді.


Ұқсас жаңалықтар

Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT