Ресей Елшісі Қазақстанның Сыртқы істер министрлігіне шақырылды

Фото:
АСТАНА. ҚазАқпарат – Елші Петр Врублевскийдің Қазақстаннан кетуіне қатысты Украина жағымен ешқандай проблема жоқ. Бұл туралы ҚР Сыртықы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.


«Қазақстанның Мәскеудегі Елшісі Ресей Сыртқы істер министрлігіне шақырылған болатын. Бұл қалыпты дипломатиялық тәжірибе. Бүгін Ресей Елшісі еліміздің Сыртқы істер министрлігіне шақырылды. Осы орайда РФ Сыртқы істер министрлігі ресми өкілінің (Мария Захарованың) мәлімдемесі қаралады. Сонымен қатар, Ресей жағының Украина Елшісіне қатысты талаптары талқыланады», - деді А. Смадияров Парламент Мәжілісінде өткен брифингіде.

Осы орайда ол Украинаның Елшісі (Петр Врублевский) Қазақстаннан кететінін айтты. Украинаның Сыртқы істер министрлігі жаңа елші тағайындау туралы өтініш жіберді. Қазір бұл өтініш қарастырылып жатыр. П. Врублевскийдің Қазақстан Сыртқы істер министрлігінде немесе басқа да мемлекеттік ведомстволарда қандай да бір кездесулері жоспарланбаған.

«Бұл мәселе бойынша Украина жағымен біздің толық келісіміміз бар. Қос тарап уағдаластықтарын орындады. Сондықтан Украина жағымен шешілмеген ешқандай мәселе жоқ. Қазақстандағы Елшінің кетуі туралы шешімін Украина Сыртқы істер министрлігі өздері шығарды. Осы орайда басқа Елші тағайындалмақ», - деді ресми өкіл.

Бұдан бұрын хабарланғандай, биыл тамыз айында Украина Елшісі Петр Врублевский блогерге берген сұхбатына қатысты ҚР Сыртқы істер министрлігіне шақырылды.

Сонымен қатар А. Смадияров Ресей Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Мария Захарованың Украина Елшісінің Қазақстаннан «шығарылуына» қатысты түсініктемесіне пікір білдірді.


Фото:gov.kz



Соңғы жаңалықтар