Ресей Елшілігі Бауыржан Момышұлының немере інісіне құпия құжаттарды тапсырды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Ресей Федерациясының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Алексей Бородавкин Бауыржан Момышұлының құпия құжаттарын туысына тапсырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Шара Қазақстан Қарулы Күштерінің мемлекеттік әскери-тарихи мұражайында өтті. Архивтік құжаттарды Ресей Федерациясының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Алексей Бородавкин Халық қаһарманы Бауыржан Момышұлының немере інісі Бекет Момынқұлға тапсырды.

Елшінің айтуынша бұл құжаттар бүгінге дейін Ресей мемлекеттік саяси-әлеуметтік тарих мұрағатында «құпия» белгісімен сақталып келген.

Құжаттардың ішінде батырдың партия билеті мен большевиктердің Бүкілодақтық Коммунистік партиясы мүшесінің есеп карточкасы, 1942 жылы жазылған ББКП мүшесінің тіркеу бланкісі, фотосуреттері және т. б. бар.

Алексей Бородавкин Ресей тарапы қазақстандық зерттеушілерге Мәскеу және Подольск қаласындағы 11 мыңнан астам әскери құжаттар сақталған мұрағаттармен жұмыс істеуге мүмкіндік беруге дайын екенін жеткізді.

Биыл Таразда даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлының ескерткіші ашылған болатын.


Соңғы жаңалықтар