Ресей бензинін шектеу бағаға әсер ете ме - министр жауабы

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан шетелден импортталатын бензинді уақытша шектемесе, отандық мұнай-өңдеу зауыттарының өнімділігі төмендеп кетеді. Үкімет отырысынан кейін тілшілердің сауалына жауап берген Энергетика министрі Қанат Бозымбаев осылай деді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бұл - темір жол көлігі бойынша бірнеше айлық уақытша шектеу. Шара нарықтағы жағдайды тұрақтандыру үшін жасалып отыр. Басқа амалымыз да жоқ. Отандық зауыттардың өнімдерін тек осылай қорғай аламыз. Демек, бізде екі жол бар: отандық немесе шетелдік өндірушілерді қолдауымыз керек. Біз отандық өндірушілерді таңдап отырмыз», - деді Қанат Бозымбаев.

Министрдің айтуына қарағанда, уақытша шектеуді енгізу нарықтағы бәсекелестікті шектеп жатыр дегенді білдірмейді.

«Шектеу бірнеше айдан кейін алынып тасталады. Осы уақыттың ішінде біз Орталық Азия елдері мен Ресейдегі әріптестерімізбен жұмыс істеп, экспортқа мүмкіндіктер ашуымыз керек. Үкіметаралық келісім бірнеше айдың ішінде жасалады, осыдан кейін бұл мәселе өздігімен шешімін табады. Бұл бағаға менің ойымша, ешқандай әсер етпейді. Себебі, толайым сауда бар. Қазақстанға Ресейден енетіні (бензин - авт.) ішкі нарықтағы бағадан гөрі жоғары екенін айта кету керек», - дейді Бозымбаев.

Еске сала кетсек, бұдан бұрын ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысынан кейін ҚР Энергетика министрі Қанат Бозымбаев Қазақстан отандық жанар-жағармай нарығын қорғау шараларын іске асыратынын хабарлаған болатын. Оның айтуынша, АИ-92 маркалы бензиннің импортына үш айға шектеу енгізілмек.

 

Соңғы жаңалықтар