Ресей азаматы 26 маймылды қапқа салып, Қазақстан арқылы алып өтпек болған

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбе облысы Мартөк ауданының мал дәрігерлік инспекциясының қызметкерлері Ресей азаматы қапқа салып әкелген 26 маймылдың жағдайы туралы айтып берді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Белгілі болғандай, 20 шілде күні шекара қызметінің өкілдері «Жайсан авто» бақылау пунктінде автокөліктің салонынан қапқа салынған 26 маймылды тасымалдаған Ресей Федерациясының азаматын қолға түсірді. Оның ветеринарлық құжаттары болмаған.

«Шекара жасағы «УАЗ Патриот» көлігімен синтетикадан жасалған қаптың ішінде 26 макака маймылдарын тасымалдаған РФ азаматын тоқтатты. Әр маймыл жеке қапта, тып-тыныш отырған. Ресейлік азаматтың жануарларға арналған ветеринарлық құжаттары, Кедендік Одақтың ветеринарлық куәліктері болмаған. Біз маймылдарды алып, ер адамға Әкімшілік құқықбұзушылық туралы Кодекстің 406 бабына сәйкес айыппұл салдық. Артынан қайтару актісі жасалды. Ол айыппұлды төлеп, құжаттарды ретке келтіруге уәде берді. Жануарлар иесіне қайтарылды», - деді Мартөк ауданының бас мемлекеттік ветеринарлық инспектор Киікбай Өтешов.

Ұсталған азаматтың айтуынша, ол маймылдарды Алматыда орналасқан Қазақстандағы жалғыз тәлімбақтан сатып алып, Мәскеуге жеткізбек болған. Алайда бұл қадамға баруының мақсаты белгісіз.

Самал Ендібаева


Соңғы жаңалықтар