Ресей архивтеріндегі Қазақстандағы ашаршылыққа қатысты құпия құжаттар жинақ болып шығады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Ресей архивтеріндегі Қазақстандағы ашаршылыққа қатысты құпия құжаттар жинақ болып шығады. Бұл жайында Сенат депутаттарының сауалына ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің жауабында айтылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Биыл Ресей Федерациясының Федералды архиві мен Орталық мемлекеттік архив құжаттары негізінде «Голод в Казахстане и России» (жоба) атты құжаттар жинағын шығару жоспарлануда. Жинаққа құпия белгісі алынған 400 құжат кіреді», - делінген жауапта.

Үкімет басшысының атап өтуінше, архив ісі саласындағы халықаралық ынтымақтастықты дамыту аясында Армения, Әзербайжан, Беларусь, Иран Ислам Республикасы, Қытай Халық Республикасы, Литва, Египет Араб Республикасы, Моңғолия, Польша, Ресей Федерациясы, Түркия, Украина, Финляндия, Эстонияның тиісті мемлекеттік органдарымен, сонымен бірге Америка Құрама Штаттарының Холокост Мемориалды музейімен 17 келісім мен меморандумға қол қойылды.

«Сонымен бірге Білім және ғылым министрлігі 2020-2022 жылдарға арналған гранттық қаржыландыру аясында мұрағат құжаттарының жинақтарын, шетелдік рейтинг басылымдарындағы мақалаларды басып шығаруды жоспарлауда. Бұл жұмыстар ашаршылықтың толық ашылмаған беттерін зерттеуге үлес қосады. Сондай-ақ министрлікпен 2021-2023 жылдарға арналған бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру аясында жарияланған конкурста «ХХ ғасырдың 20-30 жылдарындағы Қазақстандағы ашаршылық: пәнаралық зерттеулердің жаңа тәжірибесі мен нәтижелері» тақырыбындағы техникалық тапсырма әзірленді», делінген жауапта.


Соңғы жаңалықтар