Ресей 5 адамның өмірін қиған жол апатына кінәлі қазақстандықты қамау мерзімін ұзартты

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ресейдің Челябі облысында бес адамның өліміне әкеп соққан жол апатына кінәлі қазақстандықты қамауда ұстау мерзімі сәуір айына дейін ұзартылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл туралы ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров Астанада өткен баспасөз мәслихатында айтты.

"2018 жылдың 29 қарашасында Екатеринбург қаласының маңында Қазақстан азаматы жол-көлік апатына ұшыраған болатын. Ол үлкен жүк көлігін басқарған және тіркемесі жолдың қарсы жолағына шығып кеткен. Салдарынан тіркеме үш автокөлікпен соқтығысып, Ресейдің 5 азаматы мерт болды", - деді ресми өкіл.

Оның айтуынша, күдікті - Түркістан облысының тумасы. Қазіргі уақытта ол Екатеринбург қаласының тергеу оқшаулағышында отыр. "Оны қамауда ұстау мерзімі 2019 жылдың 1 сәуіріне дейін ұзартылды. Біздің консул мүмкіндігінше қонсулдық-құқықтық қолдау көрсетіп жатыр және бұл мәселені өз бақылауына алды", - деді ол.

Министрліктің хабарлауынша, жол-көлік апаты Челябі-Екатеринбург тас жолының 108-шақырымында болған. 1995 жылы туған Қазақстан азаматы тіркемесі бар Volvo жүк көлігін айдаған және тіркеме жолдың қарсы жолағына шығып кетіп, ТАТА автокөлігін соққан. Кейінірек тіркеме Land Rover және «Газель» көліктерімен соқтығысқан. Салдарынан Land Rover жүргізушісі мен үш жолаушысы және ТАТА жүргізушісі мерт болды.

Соңғы жаңалықтар