Репрессия: «Аса құпия» таңбасы бар құжаттар Алматыда фотокөрмеге қойылды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат –Алматыда саяси қуғын-сүргін туралы «аса құпия» таңбасымен сақталып келген материалдар фотокөрмеге қойылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматы қаласында 1920-1950 жылдардағы саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алуға арналған «Біз» атты фотокөрме ашылды.

Экспозициялық материалдар ретінде құқық қорғау органдарына тұлғаны анықтау және тану мақсатында сол кездегі жеке істерден алынған қуғын-сүргінге ұшыраған адамдардың мұрағаттық фотоқұжаттары қойылды.

«Фотокөрмедегі материалдар 70 жыл бойы «аса құпия» болып келді. Қазір сол материалдар қолымызда. Уақыт өте келе сарғайған мұрағаттық құжаттар біздің еліміз үшін шын мәнінде үлкен тарихи құндылық», – дейді фотокөрменің кураторы Әлия Болатхан.

Көрмеге мұрағатта сақталған 300-ден астам фотосурет қойылды.

«Ұлттық тарихымыздың қиын кезеңіне айналған еліміздің өткеніне көз жүгірте отырып, біз бүгінгі күнімізде бар нәрсені бағалай білудің, Тәуелсіз Қазақстанды сақтау мен дамыту үшін қателіктерді қайталамау керектігін түсінеміз. Егер сіз залды аралайтын болсаңыз, бұл адамдардың құқығы қалай шектелгенін түсінесіз», - деп түсіндірді Әлия Болатхан.

Көрме 1 шілдеге дейін Almaty Gallery ғимаратында өтеді.



Соңғы жаңалықтар