«Рэм» атты овчарка Алматы облысындағы ең үздік ит атанды

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Алматы облыстық ІІД-нің Кинология орталығында «Рэм» қызметтік-иісшіл ит 200-ден астам қылмыстың ашылуына үлес қосқан. Неміс овчаркасы өзге қызмет иттерінен көш ілгері келеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 

Полиция капитаны, аға инспектор-кинолог Марат Рамазановтың айтуынша, қазір орталықтағы иттер бірнеше бағытта қызмет етуге үйретілген. Бірі есірткі және жарылғыш заттар іздеуге машықтанса, енді бірі қылмыскерді ұстау, күзет-патрульдік қызметті атқаруға дағдыланған. Ал «Рэм» болса - із кесуші. Кинолог 4 жылдан бері осы итпен айналысып келеді.

«Ит - адамның досы» деп бекер айтпайды. Сондықтан дұрыс үйретілген, жаттықтырылған ит адамға серік болып қана қоймай, жедел-іздестіру жұмыстарын жылдамдатады», - дейді Марат Рамазанов.

Биылдың өзінде «Рэм» 44 қылмысты ашуға көмектескен. Негізінен бөтеннің мүлкін ұрлау фактілерінің ізін суытпай тауып отырған. Өткен демалыс күндері ақылды ит бір сағаттың ішінде екі құқықбұзушының ізін кесті.

Неміс овчаркасы қымбат велосипед пен балалар арбасын қолды қылғандардың ізіне түсіп, олардың құрықталуына атсалысқан. Екі дерек бойынша да күдіктілер ұсталып, жауапқа тартылуда, деп мәлімдеді Алматы облыстық ІІД баспасөз қызметіндегілер.

Қазіргі таңда Алматы облыстық кинология орталығында 23 қызметтік ит болса, тағы 18 ит аудандық және қалалық бөлімшелерде қызмет көрсетуде. Олардың көмегімен облыс аумағынан 119 кг әртүрлі есірткі зат тәркіленген.

Соңғы жаңалықтар